Алматыда І Жас зерттеушілер форумы өтті

  • 201
  • 16.05.2025, 18:38

Таланттылар жиынына халықаралық және республикалық олимпиада жеңімпаздары қатысып, өнертабыстарын көрсетті. Оқушылар денсаулық сақтау, өндіріс, жолдағы қауіпсіздік, жер сілкінісін шұғыл хабарлау, жасанды интеллект, робототехника сынды бірқатар салада еңбектенген. Алғашқы форумды еліміздің Оқу-ағарту министрлігі мен Ұлттық ғылым академиясы ұйымдастырды. 

І Жас зерттеушілер форумына еліміздің әр өңірінен 400-ден аса бала қатысты. Ғылым ордасының іші құдды көрме алаңына айналғандай. Оқушылар өз өнертабыстарын ғалымдардың назарына ұсынды. Мұнда медициналық протез, қалдықтарды өңдеу, жер сілкінісін болжауға көмектесетін жүйе және әртүрлі салаға арналған робот көмекшілер қойылған.

Қызылорда қаласынан келген Жанел Серемет ішімдік ішіп алып, көлік тізгіндейтіндерге қарсы құрылғы құрастырыпты. Өте сезімтал жүйе көлік ішіндегі спирт иісін жылдам анықтап, қажетті шара қолдана алады екен.

Жанел Серемет, Қызылорда қ. №3 ІТ мектеп-лицейінің оқушысы:
- Ішімдік датчигіне алкогольді жақындатсам ол машинаның моторын сөндіреді. Яғни біз білуімізше, машинаның моторы жұмыс істемей қалса, машина жүрмей қалады. Осының нәтижесінде жүргізуші қауіпсіздікте және оның сенімді адамдарына төтенше жағдайда адамға көмек қолын созатын адамдар тобына арнайы хабарлама келетін болады.

Дарынды жастардың өнертабысын көрген ғалымдар оқушыларға дұрыс бағдар беріп, қолдау қажеттігін айтты. Осы мақсатта Ұлттық ғылым академиясы жанынан Жас зерттеушілер академиясы құрылатын болды.

Дидар Батыршев, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті:
- Бұл академияның басты мақсаты
 –  осы жастарды сол жерде тек білім беріп қана қоймай, оларға ғылыми зертханалардың есіктерін ашу, ғылыми жабдықтарға, сонымен қатар ұлы жаңалықтарды ашуға бағытталған көмек көрсету, осы мүмкіндіктерді ашу.

І Жас зерттеушілер форумының мақсаты талантты жастарға қолдау көрсету және оқушылар арасында ғылымды насихаттау. Жиын аясында үздік өнертабыстар анықталып, олардың авторлары марапатталды. Форумды енді дәстүрлі түрде өткізу жоспарланып отыр.

Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов