Енді санаулы күннен кейін 4 млн-ға жуық оқушы биылғы оқу жылын аяқтайды. Оның 217 мыңы мектеп бітіреді. Үкіметте балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселесі пысықталды. 10 мың оқушыға лагерьге тегін жолдама беріледі. Ал осы жазда 177 мыңнан астам түлек жоғары оқу орнын бітіреді. Оларды жұмыспен қамту мәселесі тағы бар.
Соңғы қоңыраудан бастайық. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев оны мектептерде мамырдың 23-24 күндері өткізуді ұсынды. Ал 9 және 11 сынып түлектерінің қорытынды емтихандары 29 мамырда басталып 16 маусымға дейінгі жалғасады. Аттестаттарды тапсыру салтанаты маусымның 18-20 күндеріне белгіленген. Келесі мәселе – жазғы демалысты ұйымдастыру.
Елімізде балаларға арналған 10 мыңнан астам демалыс орны бар. 15 мыңнан астам оқушы сауықтыру орталықтарына барады. 186 мың бала – қала маңындағы, 2,8 млн бала мектеп жанындағы, 160 мың бала шатырлы және киіз үй демалыс орындарында демалады.
Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:
- «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен «Жаздық жолдама» жобасы аясында 10 мың бала тегін демалуға мүмкіндік алады. Көпбалалы және ауылдық отбасылардан шыққан балаларға басымдық беріледі. Түркістан облысында қамтуды кеңейту үшін 10 лагерде модульдік корпустар салынуда. Шығыс Қазақстан облысында «Қонақжай отбасы» жобасы жалғасуда.
Оқушылардың жазғы демалысы басталған сәтте балалардың терезеден құлауы, суға кетуі сияқты қауіп артады. Жолда жүру ережесінде қатаң сақтау қажет. Айтпақшы еліміздің кей өңірлердегі жол қиылыстарында тиісті белгілер әлі күнге жоқ екен.
Ержан Сәденов, ҚР Ішкі істер министрі:
- Бірқатар облыста жаяу өткелдердің жоқтығы анықталды. Ұлытау, Жетісу, Абай өңірлерінде, сондай-ақ Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында. Әкімдіктерге осы кемшіліктерді жаңа оқу жылы басталмай тұрып жою керек.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Ата-аналарға айтарым, мектеп бітіру кештерінде, ең бастысы, жазғы демалыс кезінде балаларды қараусыз қалдырмаған жөн. Осыған баса көңіл бөлуді сұраймын. Ешқандай министрлік ата-ана қамқорлығы мен тәрбиесін алмастыра алмайды. Еліміздің лайықты азаматтарын тәрбиелеу – мемлекет пен қоғамның бірлескен үлкен еңбегінің жемісі. Сондықтан күш-жігерімізді нығайта түсейік дегім келеді.
Қыркүйекте шәкіртақы көбейеді
Үкімет отырысында еліміздегі жоғары білім беру жүйесінің қазіргі жағдайы да қаралды. Студенттерді жатақханамен қамту мәселесі әлі толық шешілмеген. Мамандар айтуынша, 14 мыңға жуық жатын орын тапшы. Бұл бағыттағы істі ширату тапсырылды.
Айтпақшы осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап студенттердің стипендия мөлшері ұлғаяды. Оның мөлшері бакалавриат үшін 52 мың 372, магистратурада 117 мың 98 теңге, ал докторанттар үшін 262 мың теңгеден асады.
Ердәулет Ыбырайұлы, Дархан Күнтуов