«Келешек мектептері»: Алматыда 21 жаңа білім ошағы бой көтереді

  • 65
  • 16.06.2025, 18:40

Алматыда «Келешек мектептері» жобасы аясында 21 білім ошағы салынады. Оның алғашқысы былтырғы оқу жылында пайдалануға берілді. Қазір алтауының құрылысы аяқталды. Қалалық білім басқармасы мамандарының айтуынша, ұлттық жобаға енген барлық мектеп жыл соңына дейін салынады.

Алматының Алатау ауданында халық тығыз орналасқан. Мегаполисте 29 мыңға жуық оқушыға орын тапшы десек, соның 8 мыңдайы осы ауданға тиесілі. Қазір мұнда 7 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Соның бірі «Келешек мектептері» жобасына кірген «Қарасудағы» осы білім ошағы. 

Есбол Ибраимов, қалалық білім басқармасы техникалық қадағалау бөлімінің басшысы:

- Алматы қаласында 21 мектептің құрылысы салынуда. Ол мектептің ішінде 34 800 орындық. 6 мектептің құрылысы аяқталды. Құжаттамалары даярлануда. Жалпы бірінші қыркүйекте біз 10 мектепке дейін ашуға тырысамыз.

Жаңа мектепте оқығысы келетіндердің қарасы қалың. «Қарасу» шағын ауданында 30 мыңнан аса халық бар. Оған қоса жақын маңдағы тұрғын үй кешендеріндегі балалар да осында келеді. 

Айна Зәкірова, №218 мектептің үйлестірушісі: 

- Білім сапасына өте үлкен талап қойылып отыр. Мектеп бір смен болғандықтан екінші сменде балалар қосымша тереңдетілген бағытта өздерінің қызығушылығы бойынша айналысады. Робототехника, STEM кабинеттер бар. Сол бойынша айналысады және спорт секциялары, шеберханалар бар. Сол жерде балалар өздерінің қызығушылығы бойынша жұмыс істейді.

Ғимарат 2 мың балаға арналған. Мұнда қажеттінің бәрі бар. Жаңа мектеп көрші білім ордаларындағы жүктемені айтарлықтай азайтады. 200-ге тарта педагог жұмысқа алынады. 

Ермек Абызбай, қала тұрғыны: 

- Ойымыз мамандар жақсы болады. Физика-математика сабақтарын, техниканы меңгеретін сабақтарды, жақсылап мамандарды дайындап, сол балаларды шығарса дейміз. Осыдан шыққан түлектер міндетті түрде кез келген оқу орындарына түсіп кететін жағдайға жеткізсе дейміз.
 
«Келешек мектептері» жобасында ұстаздардың біліктілігіне мән беріледі. Шебер зерттеуші, сарапшы категориясын алған ұстаздарға жұмысқа кіруге мүмкіндік көп. Осылайша биыл Алматыдағы оқушы орнының тапшылығы 11-12 мыңға азаяды. Дегенмен ішкі миграция есебінен халық саны жыл сайын өсіп отыр. Қала бойынша бір аусымға өту үшін әлі де 40-қа жуык мектеп керек.  

Қарлығаш Қайыпбекова, Эдуард Кон