БҚО-да апатты жағдайдағы білім ордаларының саны азаяр емес

  • 10
  • 08.10.2025, 19:33

Соңғы үш жылда Батыс Қазақстан облысында 28 мектеп пайдалануға берілсе, тағы 13-нің құрылысы жүріп жатыр. Алайда апатты жағдайдағы білім ордаларының саны азаяр емес. Өңірде 14 мектеп ғимаратының тозығы жетіп тұр. Соның алтауы, яғни жартысына жуығы шалғайдағы Казталов ауданында. Мәселен, аудандағы Әбіш негізгі мектебінің апатты деп танылғанына 3-ші жылға кеткенімен, әлі жоба-сметалық құжаты да жасақталмаған. 

Казталов ауданы Жаңажол ауылдық округіне қарасты Әбіш негізгі орта мектебінің іргетасы 1964 жылы қаланыпты. Салынғанына 60 жыл болған ғимараттың бүгінде әбден тозығы жеткен. Тозығы жеткені сонша қабырғалары қақырап, құлаудың аз-ақ алдында тұр. 

Сыртындағы силикат қаптамасы сүйеудің, төбелері тіреудің көмегімен әупірімдеп әрең тұрған ғимарат 2023 жылдың шілдесінде апатты жағдайда деп танылыпты. Содан бері ауыл балалары мектебіміз құлап қалмай ма деп әр сабақ сайын алаңдап отырады. 

Ардақ Жаманқұлова, Әбіш негізгі орта мектебінің директоры: 

-Міне, ар жағында саман, бер жағындағы тастарды алып, Әбіштің жігіттері, азаматтарының қолдауымен істейік десек, ар жағындағы саман тастары топыраққа айналып тұр. Істеуге келмей тұр. Барлық терезелер ағымдағы жөндеуде ашылған жоқ. Ашайық десек, ашып қайта жабуға келмейді. Осылай біздің мектептің жай-күйі. Қарап шықсаңыздар, осылай құлап тұр. 

Жаңа ғимарат саламыз деген уәдеге оқушылардың да құлағы үйренген. Олар акт және спорт залы атымен жоқ ескі мектепте, үш парта сиятын бөлмелерде емес, кең де жарық, еңселі білім ордасында оқуды армандайды.  

Ерасыл Серік, 9-сынып оқушысы:  

-Осы мектебіміз құлайын деп тұр. Жағдай жасалмағаны көрініп тұр ғой сіздерге де. Жаңа мектеп салынғанын қалаймын. Жалпы мен өзім 9-сынып оқимын. Жылдан жылға мектеп саламыз деп келе жатыр ғой, әлі салған жоқ. 

Әбіш негізгі орта мектебінде осыдан 10 жыл бұрын 41 оқушы білім алса, бүгінде шәкірт саны 53-ке жеткен. Биыл бірінші сынып табалдырығын 8 бала аттаған. Шағын орталықта 20 балдырған бар. Ауылда 24 жас отбасы тұрып жатыр. «Осындай тұрақты демографиялық өсім барда жаңа мектеп құрылысы қолға алынуы қажет деп санаймыз. Егер мектеп жабылса, ауыл да құриды», - дейді елдің естілері. Алайда жаңа мектептің әлі жоба-сметалық құжаттары да қолға алынбапты. Бірақ білім басқармасы құрылыс жоспарға енді деп отыр.

Нұргүл Сұлтанова, БҚО Білім беру басқармасы бөлім басшысының міндетін атқарушы:  

-Мектеп 2026-2027 жылдарға арналған әлеуметтік жобаға енгізілді. Мектеп ғимараты аталған кезеңде КПО компаниясының қаржыландырумен жүзеге асады деп жоспарлануда. Білім беру мекемелерінің жобасын жасақтау, құрылысын салу БҚО құрылыс басқармасы арқылы жүзеге асырылады. 

Батыс Қазақстан облысында 14 білім ордасы апатты жағдайда деп танылса, соның жартысына жуығы Казталов ауданында екен. Барлығы да шағын жинақты мектептер. 

Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов