Өскеменде 150 колледж мұғалімі өзара сайысып жатыр

  • 11
  • 15.10.2025, 19:34

Өскеменде еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 150 колледж мұғалімі  шеберлік сағатын өткізіп, өзара сайысып жатыр. Республикалық форум аясында өткен бұл кездесуде ең үздік педагогтар анықталатын болады. Сонымен қатар әр жақтан келген мамандар өз бағыттары бойынша тәжірибе алмасып, маңызды сұрақтарды да бірге талқылайды. 

Әр өңірден келген колледж мұғалімдері үшін Өскемендегі сайыс оңай болмады. Олардың әрбірі өз саласындағы дәріс беру әдістерін таныстырып, кәсібилігін көрсетуге күш салды. Шараға жергілікті ұстаздардан бөлек, Жамбыл, Алматы, Қарағанды, Ақтөбе, Абай, Түркістан, Қызылорда облысынан  жалпы 150 мұғалім қатысып жатыр. Қажымұқан Әбішев сонау Маңғыстаудан келіпті. Автокөлік бағыты бойынша 7 жылдан бері кадр даярлап келе жатқан ол, бұл кездесу өзімді танытатын алаң деп санайды.

Қажымұқан Әбішев, политехникалық колледж мұғалімі /Маңғыстау облысы/:

-Кәсіби шеберлік чемпионатының маңыздылығы әсіресе осы біз секілді жас педагогтар үшін өз құзіреттілігімізді жоғары деңгейде өз саламыз бойынша қарқынды бағытта дамытуға өз үлесін септігін тигізеді деген сенімдеміз.


Сайыста тігіншілерді, дәнекерлеуші, токарь мамандарды дайындайтын оқытушылар өздерін әр қырынан көрсетті. Себебі бүгінде зауыт фабрикалардың басым көпшілігі ақылды технологиямен жұмыс істеуге көшкен. «Ендеше біліктілікті шыңдап, заманауи стандарттарды игеру маңызды»,
 –  дейді сарапшылар. Бұл тұрғыда елдегі кәсіпорындардың да жауапкершілігі зор.

Нұрдәулет Жанайдаров, ҚР Оқу-ағарту министрлігі жанындағы коммерциялық емес акционерлік қоғамның басқарма басшысы:

-Биылғы жылы жалпы колледждерге қамқорлық жасайтын мекемелер саны 4 мыңнан аса межеге жеткен болатын. Шефтік қамқорлық шеңберінде дуалды оқытуды дамыту колледждердің материалдық техникалық базасын жаңартуда нығайтуда кәсіпорындар тарапынан көптеген көмектер жүзеге асырылып жатыр.


«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ұйымдастырылған жарыстың Өскеменде өтуі де бекер емес.Өлкеде әр бағыттағы өндіріс орындары көп. 38 колледжде 20 мыңға жуық студент білім алып жатыр.

Ербол Нұрғалиев, ШҚО әкімінің орынбасары:

-Мына форумның біздің өлкеде өтуі бұл бізге үлкен бір серпіліс береді.Біздің өңірде өтуінің ерекшелігі бар неге десеңіз біздің өңір өнеркәсіптік өңір болып есептеледі.


Бұл форум аясында бізде басқа өңірлердің тәжірибелерін көріп алмасып, бұл форумның жалпы баршамызға үлкен берер дүниесі көп.

Форум аясында өзекті сұрақтар да талқыланды.Ал жүзден жүйрік деп танылған сайыс үздіктері ертең марапатталады.

Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин