Satbayev University ғылыми зерттеулерді өндіріске енгізіп жатыр

  • 5
  • 13.04.2026, 21:03

Бұл тұжырымдама ғылыми зерттеулерді өндіріске енгізуді көздейді. Технологиялық парктерді дамыту арқылы еліміздің ғылыми әлеуетін арттыруды мақсат етеді. Яғни, нновациялық экожүйе құрылады. 

Жоба іргелі зерттеуден, қолданбалы кезеңге жеткенше талай сараптамадан өтеді. Дәл қазір Satbayev University-нің доктаранттары су тазартуға арналған қондырғы жобасы бойынша жұмыс істеп жатыр. Бұл әсіресе алыс елді мекендердегі кішігірім ауылдарда қолдануға тиімді. Тұзды суды ішуге жарамды етіп тазартып береді. Оған қоса, залалсыздандырады. Көлемін тапсырысқа қарай үлкейтуге немесе кішірейтуге болады. Кез келген су мұнараларына қойылады. 

Наталья Сидорова, Satbayev University инженерлік жүйелер және желілер кафедрасының қауымдастырылған профессоры:

-Біз мембраналық технологиямен 20 жылдан бері жұмыс істеп келе жатырмыз. Қазіргі таңда өз әдісіміз бар. Бұрын мұндай қондырғыларға қолымыз жетпейтін. Ал қазір оны сатып алуға мүмкіндік туды. Грантқа ие болдық. Қазір біздің зертханада оның жартылай өнеркәсіптік түрі орнатылған. Сол арқылы тұзды суды және оған қоса, қалдық судағы көзге көрінбейтін пластикалық бөлшектерді тазарту технологиясы бойынша жұмыс істеп жатырмыз. 

Ғалымдардың айтуынша, жоба көзге қарапайым болып көрінгенімен, қоршаған ортаға пайдасы зор. Мәселен, микропластик суға түсіп, ауаға жайылып немесе топыраққа сіңіп кетуі мүмкін. Ол түптің түбінде әр түрлі жолмен адам ағзасына түседі. Сондықтан, мұндай жұмыстардың маңызы зор. Қазір Satbayev University-де инженерлік хаб құрылды. Технологиялық парк жұмыс істейді. Тау-кен металлургия саласында инженерлік орталық құрылып, 8 ғылыми зертхана ашылды. 

Жанар Жұмаділова, Satbayev University ғылым департаментінің директоры:

-Еліміздің ірі кәсіпорындары әсіресе тау-кен металлургия, мұнай-газ салаларында арнайы тапсырыстар келіп, әр сынамаларды, әр үлгілерді сынау зерттеу, талдау жұмыстары бойынша өндіріс орындарымен бірлесе жұмыс жасап отырмыз. Мысалы, бізде геомеханика саласында ұлттық аккредиттеу сертификатына ие зертханамыз 1 жабдықтың өзі 800 млн тұрса ол жабдықтан бізге 2 млрд теңге қосымша табыс келеді. 

Соңғы үлгідегі зертханалар көптеген жобаның жүзеге асуына жол ашты. Жылу электр станциясы мен өндірістік кәсіпорындардан бөлінетін қалдықтарды азайту, суды тиімді пайдалану, су дипломатиясы, гидрогеологиялық карта, металлургия саласында селенді алу технологиясы сияқты жобалар нәтижесін бере бастады. Таяуда ғана университет жанынан құрғақ құрылыс  қоспаның 20-ға жуық түрін шығаратын зауыт ашылды. 

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Мұхит Құдықбаев