Балабақшаларға жаңа талап қойылады

  • 5
  • 28.08.2026, 19:45

Балабақшалардағы педагог тапшылығын тәрбиешілердің көмекшілері есебінен шешкен жөн. Себебі олардың бүлдіршіндермен жұмыс істеу тәжірибесі мол. Күтушілерді университеттерде немесе колледждерде оқытып, тиісті диплом әперсе, дайын маман боп шыға келеді. Мұндай бастаманы жекеменшік мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының республикалық тамыз кеңесіне қатысушылар ұсынды.

2027 жылдан бастап балабақшалар міндетті түрде лицензия алуы керек. Жиында осы мәселе де талқыланды. Бұл талап мемлекеттік балабақшаға да, жекеменшікке де ортақ. Тәрбиешілердің біліктілігі мен білім беру бағдарламасының сапасы да тексеріледі. Тиісті заң 2024 жылы күшіне енген болатын. Ұйымдардың талаптарға сай болуы үшін дайындыққа екі жыл уақыт берілді. 

Күләнда Батырбекова, Білім беру саласындағы инвесторлар ұлттық қауымдастығының вице-президенті:

- Балабақшалардағы тәрбиешілердің көмекшілері ғой. Тәжірибемен жұмыс істеп жатқан мамандардың қазір практикалық жағы жоғары болады. Меніңше, сол жағынан колледждерде оқыту керек. Қазір бізге 100 грант бөлінді. Оны Алматы облысының әкімдігі мен Білім басқармасы бөліп отыр. Бұл – біз үшін өте қуанышты жағдай.

Гүлнәр Ысқақова, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры:

- Келесі жылы 1 қаңтардан бастап мектепке дейінгі ұйымдарды лицензиялау енгізіледі. Қазіргі таңда осы бағытта ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да қолға алынды. Мектепке дейінгі ұйымдар, оның ішінде жекеменшік балабақшалар да лицензиялаудан уақытылы әрі сапалы өтеді деп ойлаймыз.