Алматыда оқу жылы басталарда қоғамдық көлік саны арттырылады

  • 3
  • 31.08.2026, 19:37

Алматыда оқу жылының басталуына байланысты 1-5 қыркүйек аралығында әкімдік қызметкерлерінің бір бөлігі қашықтан жұмыс істейді. Бұл шешім жолдағы көлік жүктемесін азайту үшін қабылданған. Сондай-ақ қыркүйектің алғашқы екі аптасында қала көшелеріне қосымша 500-ге жуық автобус шығарылады. Олар жүктемесі жоғары бағыттарға бөлінеді. Метро жұмысы да күшейтіледі. Таңертеңгі уақытта желідегі пойыздар саны көбейіп, олардың жүру аралығы үш минутқа дейін қысқарады. Мектеп оқушыларын тасымалдау үшін 300 автобус жұмылдырылады. 1 қыркүйек күні мектептер маңындағы қауіпсіздік күшейтіліп, полиция бақылауында болады. Олар жаяу жүргіншілер өткелдері мен көлік көп жүретін учаскелерде кезекшілік атқарады. Сонымен қатар, қыркүйектің алғашқы аптасында салмағы 8 тоннадан асатын жүк көліктерінің қозғалысына бақылау күшейеді. Айта кетейік, бұған дейін қала полициясы жолдағы қозғалысты қиындатпау үшін тұрғындарға 1-ші қыркүйек күні жеке көліктің орнына қоғамдық көлікті пайдалануды ұсынған болатын.