Оқушылар офлайн өмірге оралды
Олардың қуаныштарында шек жоқ. Ал бірінші сынып оқушылары үшін салтанатты шара ұйымдастырылып, «Әліппе» табысталды. Биыл 3 миллионнан астам бала білімге бет түзеді. Оның 380 мыңдайы алғаш рет мектеп табалдырығын аттап отыр.
Бүгінгі мерекенің күйін баласын мектепке жетектеп келе жатқан әр ата-ананың жүзінен-ақ аңғаруға болады. Бәрі бақытты, қуанышты. Үйде әке-шешесіне еркелейтін балалар қолдарына гүл ұстап салмақты, сыпайы, әдемі болып өз қатарына қосылып жатты. Ізінше, сыңғыры бар сұлу қоңырау соғылды.
Иә, бұл бұрынғы қоңыраудан өзгеше. Мектеп басшылығы асатаяқты әдейі қолданады. «Осындай ұлттық музыкалық аспаптың үні құлаққа жағымды әрі қазақи нақыштың әрін кіргізеді», – дейді.
Сафура Төлекова, Ә. Бөкейхан атындағы №76 мектеп-лицейінің директоры:
- Қоңырау соғудың тарихына келетін болсақ, бұл енді Ыбырай кезеңінен бері шіркеуден алынған қоңырау еді ғой, соны сәл болса да өзіміздің ұлттық колоритімізге жақындатайық деп біз сол аса таяқты балалардың қолына беріп, мектептің соңғы және алғашқы қоңырауы осы асатаяқпен соғылады.
Бұл білім ордасында 2700-ден аса бала оқиды. Оның 230-ы мектеп табалдырығын алғаш аттады. Жоғарыда айтқанымыздай, бәрі бір-бір үйдің еркесі. Кешегі ойын баласы, бүгін оқушы атанды. Бұған біз сенгенімізбен, өздері сенбей жүр-ау осы.
Балақай ата-анасынан бөлек бөтен ортада білім алатынына сене алар емес. Сыртта тақымын қысып отырған жақындарынан жырақтағысы келмей тұр. Мұғалімдер көңілін бағып, көндіріп әлек. Хош. Біз бөгелместен, келесі сыныптың есігін қақтық, бұл жақта «Әліппені» табыстап жатыр екен.
Мөлдір Заманбекқызы, мұғалім:
- Қазіргі уақытта Әліппе оқулығымен балаларды таныстырып, 25 минуттық сыныпта тәрбие сағатын өткізуге сыныпқа жиналып отырмыз. Онлайн жұмыс істегенге қарағанда баламен жанды қарым-қатынас жасаған біз үшін әрине, мұғалім үшін өте тиімді.
Қазіргі қазақ оқушыларының алғырлығы тамаша. Әріп танымай жатып, біреу сан санаса, біреуі өлең оқып берді. Сырттан қарап, сүйсінесің. Бұрын «тіл-көзден аман болсын» деуші едік, қазір «коронавирустан аман болсын» дейтін болдық қой. Айтпақшы, амандық үшін ұстаздар мен оқушылар мектепке арнайы тәртіппен ғана кіреді.
Бірлік Берікұлы, тілші:
- Мектепке кірген әрбір адам бетперде киюге міндеттеледі. Тек осыдан кейін ғана қосымша арқылы өзінің Ashyq-тағы әлеуметтік мәртебесінен хабар беру керек. Егер дұрыс болған жағдайда дене қызуын өлшейтін мынадай құрылғы арқылы өзінің хал ахуалынан хабар беру керек. Тек осыдан кейін ғана мектеп ішіне кіруге рұқсат. Бұл көбінесе ұстаздар қауымына қатысты. Ал оқушылар тек дене қызуын өлшетеді, осыдан кейін оларды мектеп қызметкері не мұғалім күтіп алады.
Сафура Төлекова, Ә.Бөкейхан атындағы №76 мектеп-лицейінің директоры:
- Мектептің барлық 250-ден артық жұмыскері істесе, соның 23-де арнайы медициналық қарсы көрсетілімдері бар. Оларда анықтама бар. 6 ай, кейбіреуіне 3 ай уақыт берген. Ал қалған мұғалімдер 100% вакцина салдырған. Вакцинация паспорттары бар.
Мектеп директоры коронавирустан ғана емес, қаскөй бұзақылардан да қорғануға қауқары жететінін жеткізді. Нысанның іші-сырты камера. «Барлығы бақылауда», – дейді. Бұл, әрине, көңілге қонымды. Осыны көрген ата-ана да мәз. Жалпы бүгін мектеп оқушылары емес, ата-аналар мектеп табалдырығын аттайтындай асыр салып жүрді.
Биыл ел бойынша 3 млн 600 мыңнан астам оқушы мектепке барды. Оның 380 мыңнан астамы білім ошағының табалдырығын алғаш рет аттады. Ресми мәлімет бойынша еліміздегі мұғалімдердің 98% вакцина алған. Қазір елде 367 мың 700 мұғалім бар. Биыл 12 мыңдай жас маман жұмысқа тартылыпты.