Ескі мектепте оқып жүр талай қазақ баласы...
Жетісу облысының Рудничный ауылындағы оқушылар тозығы жеткен мектепте оқып жатыр. Жарты ғасыр бұрын салынған білім ордасының ескіргені сонша есік-терезесінен жел соғады. Жылу жүйесінің де тозығы жеткен. Ал төбеден сорғалаған судан мектеп іші көгеріп жатыр.
Мектеп директоры Әсел Жақсыбаеваның бас ауыртар басты мәселесі осы. Сорғалаған суды сүртіп отыру үшін ол арнайы кезекшілік кестесін жасаған. Кезекшілер еденді құрғатып, оқушылардың тайып жығылмауын қадағалаумен әлек. Екі жылдан бері төбеден тамған су қабырғаның сылағын түсіріп, балалардың өміріне қауіп төндіріп тұр.
Әсел Жақсыбаева, мектеп директоры:
-Мына стена құлап қала ма деп қорқып жүрміз. Шынын айтса. Құласа, балалардың басына да құлап кетуі мүмкін ғой. Балалар кіріп шығып жүреді. Киімін іледі.
Мектептің жылыту қазандығы апатты жағдайда екені көрер көзге көрініп-ақ тұр. Аңғал-саңғалы шыққан нысанның кірпіші үгітіліп жатыр. Қауіпті ғимаратта мамандар күндіз-түні от жағады.
Асхат Аманбаев, от жағушы:
-Кешке дейін көмірді осылай лақтырып отырамыз. Екі тонна көмір жағамыз осылай. Екі отты жағамыз. Қыстай қиын жұмыс ауыр. Аязда көмір тасимыз. Қатып қалады.
Пешке көмірді арбалап әкеліп, тоқтаусыз толтырғанымен мектепті жылыту мүмкін емес. Себебі жылу жүйесі әбден ескірген. 640 орындық мектепте қазір 220 оқушы оқиды. Олар қыстай қалың киіммен отыруға мәжбүр. Балаларының денсаулығына алаңдаған ата-аналар білім ордасын жөндеп беруді сұрап отыр.
Гүлжамал Қуанбек, ауыл тұрғыны:
-Ремонт керек енді. Бәріміздің баламыз оқып жатыр ғой. Бәріміз ұрпақ үшін жүрміз.
2005 жылы мектептің шатыры ауыстырылып, қасбетіндегі терезелері жаңаланған. Білім ордасына елу жылда жасалған жөндеу осы ғана.
Әлішер Башаров, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:
-Білім басқармасы тарапынан биылға жобалық сметалық құжаттары дайындалу үшін жалпы соммасы 53 млн теңгеге бюджеттік өтінім берілді. Жақында сессиияда бұл мәселе қаралатын болады.
Сала жауаптылары: «Қаржы бөлінсе, келесі жылы Рудничный ауылында жаңа мектеп құрылысы басталады», - деп отыр. Жалпы Жетісу облысында 2025 жылға дейін «Жайлы мектеп» бағдарламасымен он білім беру мекемесін салу жоспарланған.