Заманауи университет қандай болуы қажет?
Қазір әлемде жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігі төмендеп барады. Себебі қысқа мерзімді курстар мен жаңадан пайда болған мамандықтар 4 жылдық бакалавриаттың беделіне нұқсан келтіріп отыр. Университеттер мұны елеп-ескермесе, зиянға ұшырайды. Тіпті келешекте жабылуы да ғажап емес.
Астанада қазақстандық ректорлар бас қосып, саладағы осы және өзге де мәселелерді талқылады. Сарапшылардың сөзінше, қазір білім ордаларында көбінде теориямен шектеледі. Оның үстіне оқу мерзімі де өте ұзақ. Ал заман талабына сай болу үшін олар оқу уақытын қысқартып, шәкірттерге білім мен тәжірибені қатар алып жүретіндей жағдай жасау қажет.
Гүлмира Қорғанбаева, экономика ғылымдарының кандидаты:
- Бүгінгі студент, ол – «альфа ұрпақтың» өкілі. Ал олар мына көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан заманда жедел курстарды оқығанды қалайды. Сондықтан біздің университеттер қазірден бастап осының бәрін ескеріп, трансформация жасамаса, замана көшінен кеш қалады.
Бибігүл Жексенбай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Осы білім саласындағы үлкен өзгерістердің негізі, фундаменті болатын заңдарды өзгертіп үлгеруіміз керек. Заманауи заңдар – білім саласының одан сайын жақсы дамуына мүмкіндік беруі керек. Әлемнің ең мықты жоғары оқу орындарымен байланысты орната алу үшін де біз халықаралық әртүрлі келісімшарттарды ратификациялай отырып, заңдарды өзгертуіміз керек.