Хабар телеарнасы

Цифрлық мемлекет - заман талабы

Елімізде жыл басынан бері электронды үкімет порталы арқылы 20 миллионнан аса мемлекеттік қызмет көрсетілген. Қазір мемлекеттік қызметтің 90% электронды форматқа көшкен. Нәтижесінде Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының цифрлы мемлекеттер тізімінде 24 орында, ТМД ішінде бірінші орында тұр. Бұл туралы Алматыда өткен «Цифрландыру, жасанды интеллект және құқық» тақырыбындағы диалогта айтылды. Оған еліміздегі Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев бастаған мамандар қатысты. Сарапшылардың пікірінше, цифрландыру саясаты мемлекеттік басқарудан бастап, сот жүйесі, құқықтық саладағы ашықтықты қамтамасыз етіп, әділ шешім шығаруға септігін тигізеді. Цифрландыру жүйесіндегі көшбасшы мемлекеттердің бірі Франция мамандары өз тәжірибесімен бөлісті.

Пьер Тиффен, Лотарингия университетінің құқық, экономика және басқару институтының директоры:

-Франция – жасанды интеллект саласы бойынша озық елдердің бірі. Біздің мемлекет бұл саланы тоқсаныншы жылдардан бастап қолға алды. Алғашқы цифрландыру 2006 жылы жүзеге асырылып, бүгінде Цифрлы мемлекет заңы қабылданды. Еуропада, Эстония мемлекетінде бұл сала жақсы дамыған.

Игорь Рогов, ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы:

-Құқықтық басқару мәселесін реттеу қажеттігі туындап тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Цифрлық кодекс жобасын дайындауды тапсырған болатын. Осы арқылы еліміздегі цифрлындыру жұмыстарына құқықтық баға беріледі. Адамның қауіпсіздігі мен құқығы басты талап болуы керек.