Хабар телеарнасы

Алматыда 20 млн теңгенің операциясы тегін жасалды

Алматыда 20 млн теңгеге бағаланған операция науқасқа тегін жасалды. Отаны Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының дәрігерлері жасаған. 

Мамандардың айтуынша, бұл күрделі операция саналады. Интервенциялық кардиологтар аз инвазивті әдісті қолдана отырып, жүректің митралды қақпақшасын қалпына келтірді. Шетелдік дәрігерлердің жетекшілігімен екінші мәрте сәтті жүзеге асты. Операция әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесі аясында жүргізілді.

Жәнібек Ахметшеев бұған дейін жүрегіне екі рет операция жасатып, кардиостимулятор қойған. Алғашында оның көмегі болғанымен жылдар өте ауруы асқына бастаған. Жиі қан қысымы көтереліп, жүрегі қатты соғып, ентігу пайда болған. «Бұл жүректің митралды қақпақшасы қызметінің бұзыла бастағанын білдіреді»,-дейді дәрігерлер. Осылайша MitraClip жүйесінің көмегімен митралды қақпақша қалпына келтірілді. 

Жәнібек Ахметшеев, Жетісу облысынң тұрғыны:

- Операцияға дейін құлағым шуылдап, жүрегімнің клапаны дұрыс болмай ентігу болып, тынысым тарылып, демеу іздеп осы ауруханаға келіп едім. Жаңа операцияның түрі пайда болып жақсы болды. Соған келісім беріп, қолымызды қойып, операция жасаттық.

Аз инвазивті операцияның ерекшелігі науқас тез оңалады. Яғни ертесінде-ақ денсаулығында оң өзгерісті байқайды. Сондықтан 4-5 күннің ішінде ауруханадан шығады. Арықарай жергілікті жердегі дәрігердің қарауында болады. 

Алмат Қалжанов, интервенциялық кардиолог-дәрігер:

- Кеуде қуысын кеспей, санның көктамыры арқылы, түтікше арқылы клапанға дейін клипті жеткізу арқылы жабылмай тұрған қақпақшаны клиптейді. Қан айналымын жақсартартады. 

Бұл ашық хирургиялық операцияны көтере алмайтын науқастар үшін  жүрек жұмысын жақсартудың жалғыз мүмкіндігі.  Операцияның сәтті өтуі интервенциялық кардиологтармен қоса, ультрадыбыстық зерттеу   дәрігерлерінің де кәсібилігіне байланысты. Мұндай ем-шаралар  медициналық сақтандыруы бар азаматтарға қолжетімді. Тек Алматы қаласы бойынша 2019 жылға дейін осындай қымбат оталарға 6 млрд 200 млн теңге  жұмсалған. Ал, биыл  22  млрд теңгеден астам қаражат қарастырылып отыр. Яғни осы бағытқа бөлінген қаржы 3,5 есеге өсті.

Мейіржан Серікұлы, Мемлекеттік сақтандыру қоры Алматы қалалық филиалының қызметкері:

- Кез келген сақтандыру жүйесінде сақтандырылған науқастар осы қымбат операция түрін ала алады. Мысалы, кардиохирургия институтында  қымбат операцияға сақтандандырылған науқстардың қолжетімділігі мен қоса ол жерде нағыз мамандандырылған мамандар да көп шоғырланған. Ең төменгі баға 1-2 миллионнан басталып, жоғарғы баға 77 млн-ға дейін қолжетімді. МӘМС-тің арқасында операцияның саны да өсті.

Жалпы алғанда былтыр Алматыда жоғары технологияның көмегімен 7 мыңнан астам ота жасалған. Жыл сайын медициналық сақтандыру есебінен мыңдаған кардиохирургиялық операциямен қоса, нейрохирургиялық, урологиялық, травматологиялық, онкологиялық операциялар сәтті жүргізіліп жатыр. Ал жүректің митралды қақпақшасын қалпына келтіру бойынша елімізде 200-ге  жуық адам кезекте тұр.

Қарлығаш Қайыпбекова, Радик Жакупов