Еңбекке жарамсыздық парағы енді электронды форматқа көшеді

  • 216
  • 10.04.2025, 18:36

Қазақстанда 1-ші маусымнан бастап еңбекке уақытша жарамсыздық парағы толықтай электронды форматқа көшеді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Қазір сандық жүйеге өткізілетін басқа да анықтамалар тізімі нақтылануда. Ведмоства осы арқылы дәрігер мен науқастардың уақытын үнемдеуді, сондай-ақ құжатты қолдан жасау сияқты заңсыздықтарды тоқтатуға ниетті.

Медициналық анықтамалар ішінде ең көп сұранысқа ие осы жарты беттік көк қағаз. Ресми түрде еңбекке уақытша жарамсыздық парағы деп аталатын құжатта жыл сайын 4-5 млн адам алады. Енді екі айдан кейін оны өзіңізбен бірге алып жүрудің қажеті болмайды. Денсаулық сақтау министрлігі мұндай шешім қабылдаудың бірнеше себебі бар, - дейді.

Махаббат Махаева, отбасылық дәрігер:

- Сандық жүйе науқастың да, дәрігердің де уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді. Науқастың емханаға келуі қажет емес және де электронды анықтамалар оның жоғалып кетпеуіне, қағазбастылықты жоюға көмек.   

Дәрігер бұл жерде медициналық анықтамалалардың барлық түріне қатысты айтып тұр. Соның басым бөлігі енді электрондық үлгіге көшеді. Бұл іс қазірдің өзінде басталды. Азаматтар оны қайдан алады?   

Махаббат Махаева, отбасылық дәрігер:

- Пациент өзі Damumed платформасы арқылы немесе eGov mobile жүйесінде «Денсаулық» бөлімінде өзіне керек анықтаманы, 027 немесе есепте тұратын, тұрмайтыны туралы анықтаманы алуға болады. 

Сонымен келесі анықтамалар сандық жүйеге көшірілуде. Еңбекке уақытша жарамсыздық парағы, көлік құралын басқаруға рұқсат беру, жеке медициналық кітапша, баланың денсаулық паспорты тағы басқа.

Әсел Бектұрғанова, ҚР ДСМ Электрондық денсаулық сақтауды дамыту департаментінің бас сарапшысы:

- Цифрландырудың тағы бір себебі анықтамаларды қолдан жасау түріндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері азаяды. Біз кей жекеменшік  медициналық ұйымдардың өз құзіретіне жатпайын құжаттарды жасап, мөр басып беру фактілерін анықтадық. Сондай-ақ қолдан жасалған анықтамалар арқылы кей адамдар жүргізуші куәлігін алуы немесе оқуға түсуі де мүмкін. Әдетте ондай қағаз анықтамаларды қадағалау қиын. 

Айта кетейік, жаңғырту аясында ең алдымен наркологиялық диспансер мен жұқпалы аурулар есебінде бар не жоқтығы туралы анықтамалар сандық жүйеге көшті.

Ердәулет Ыбырайұлы, Самат Оспанов