Алматылық дәрігерлер тоғыспалы бүйрек трансплантациясын жасады

  • 245
  • 15.04.2025, 18:48

Алматыда Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының дәрігерлері тоғыспалы бүйрек трансплантациясын жасады. Мұндай операция Қазақстан медицинасы тарихында алғаш рет жасалып отыр. Оның ерекшелігі адам өзінің туысына көмектесе алмаған жағдайда, өзара келісіп басқа донордың жақынына ағзасын береді. Бір күнде 12 сағат ішінде үш донорлық және үш бүйрек ауыстыру операциясы сәтті жасалды.

Тоғыспалы бүйрек трансплантациясы туыстық қатынасы жоқ донорлар мен реципиенттер арасында жасалады. Мысалы, ағасы науқас інісіне бүйрегін бергісі келеді. Бірақ туған бауыры болса да, қан тобы сәйкес келмесе, көмектесе алмайды. Дәл осындай себеппен әкесінің ағзасы қызына келмейді. Дегенмен бұл донорлар бір-бірінің туысқандарына көмектесе алады. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында осындай операция бір мезетте үш реципиент пен үш донорға жасалды. 

Айжан Тұрлыбекова, реципиент:

- Менің жалғыз ықтимал донорым күйеуім болды. Бірақ біздің қан топтарымыз әртүрлі. Сол себепті ол маған сәйкес келмеді. Біз түрлі жолдарды қарастырдық, бірақ нақты мүмкіндік болмады. Сөйтіп осы бағдарлама пайда болды. Менің донорым негізінде жұбайым. Алайда іс жүзінде осы бағдарламаға қатысқан донорлардың бірі маған донор болды. Оның есімі – Талап, 58 жаста. 

Мұндай операциялар бір мезгілде екі операциялық бөлмеде жүргізіледі: бірінде бүйрек алынады, екіншісінде трансплантация жасалады. Дереу алдын ала дайындалған реципиентке салынады. Содан кейін келесі жұпқа көшеді. Бұл әдіс бүйректің денеден тыс уақытын қысқартып, оның сіңісіп кету мүмкіндігін арттырады. Барлық процесс 12 сағатқа созылды.

Руслан Бейбітұлы, реципиент:

- Диагнозым оған дейін ХПМ 5 стадия болды. Бес жыл гемодиализде жүрдім. Қиын болды гемодиализ. Сосын ағамның қолдауымен, екінші өмір сыйлады ағам. Ағама үлкен рақмет. Осылай ота сәтті өтті. Осы Сызғанов ұжымына, дәрігерлерге, барлықтарына алғысым шексіз. Денсаулық жақсы. Қанша дегенмен денсаулықтын қадірін бес жылда өте қатты түсіндім. Енді өмірге деген көзқарасым, құлшынысым жақсы.

Қазақстан мұндай жоғары технологиялы операциялар жасалатын әлемнің алты елінің қатарына енді. АҚШ, Ұлыбритания, Израиль, Түркия және Үндістанмен қатар отандық дәрігерлер трансплантология саласының жоғары деңгейде дамығанын көрсетіп отыр.

Болатбек Баймаханов, «А. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы:

- Былтыр бұл практиканы бастағанбыз. Екі адамнан алғанбыз. Биыл енді үш адамдікі өздерінің жақын адамдары, туыстары бір-біріне қан группасының келмегендіктен, ауысу арқылы үш адамға бірден трансплантация жасалды. Бір күнде. Ол енді үлкен жетістік деп ойлаймын. Мұндай операция жасау үшін дайындық керек. Мамандардың жоғары білімділігі керек. 

Мұндай операциялар донор жетіспеушіліктің проблемасын шешудің бір жолы. Егер елімізде мәйіттік донорлық жолға қойылса, науқастарды емдеп жазу әлдеқайда жеңілдер еді, - дейді дәрігерлер.

Қазір еліміз бойынша бес мыңға жуық науқас ағза доноры кезегінде тұр. Олардың 100-ге жуығы 18-ге толмаған балалар. 

Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов