Елімізде 1,5 мыңнан астам адам биологиялық белсенді қоспаны, яғни БАД өнімдерін заңсыз сатқан.
Олар халыққа мемлекеттік тіркеуден өтпеген өнімдерді ұсынған. Бұл фактілердің жолы кесілді. Дегенмен дәріханалар мен дүкен сөрелері әлі де биологиялық белсенді қоспаларға толып тұр. Оның ағзаға пайдасы бар ма, әлде зияны басым ба? Дәрігерлер не дейді?
Көпбалалы ана Ақерке Тәженова әр таңын балаларына дәрумендер беруден бастайды. Сондықтан оның үйіндегі сөрелер биологиялық белсенді қоспалар мен дәрумендерге толы.
Ақерке Таженова, қала тұрғыны:
- Балаларым кішкентай кезінде анализ тапсырған кезде гемоглабин төмен болды. Сол кезде дәрігердің нұсқауымен дәрілер алған едім. Бірақ ол балаларымның гемоглабинінің көтерілуіне әсері онша болмады. Тістерінің қараюына әкелді. Содан араласатын адамдардың нұсқаауымен мен БАД-ы алып, балаларыма бере бастадым. Сол нәтижесі жақсы болып, көзбен көргеннен кейін қазір күнделікті өмірде мен БАД пайдаланамын.
Ал Әлия Тәжібай керісінше, биологиялық белсенді қоспалардан бойын аулақ ұстайды. Оған да өз себебі бар.
Әлия Тәжібай, студент:
- Танысымның кеңесімен өзім білмейтін, өзіме белгісізі компанияның дәруменін тұтынып, бір аптаның ішінде үстіме көптеген жаралар шығып кетті және сол жараларды алты ай емдедім.
Елімізде биологиялық белсенді қоспаларды 8 мыңнан астам адам жарнамалап жүр. Оның 7 мыңға жуығы өз өнімдерін әлеуметтік желі арқылы сатуда. Ал қалғандары бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жария етуде. Соның ішінде 1 мың 505 адам өз өнімдерін елде заңсыз сатып келген. Яғни оларда өнімнің қауіпсіздігін растайтын мемлекеттік тіркеу куәлігі болмаған.
Гүлбану Есдаулетова, ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің бас сарапшысы:
- Бақылау сату шеңберінде 2024 жылы 107 биологиялық белсенді қоспалар сатып алынып, санитарлық-эпидемиологиялық экспертизаға, оның 28-нен техникалық регламенттер талаптарына сәйкес еместігі анықталды.
Сондықтан биологиялық белсенді қоспаларды, не дәрумендерді сатып аларда ең алдымен оның құжатын сұрау керек.
- Егер байқасаңыздар, қазіргі таңда жарнама таратушылар әлеуметтік желілерде биологиялық белсенді қоспалардың сертификаты бар деп айтып жатады. Биологиялық белсенді қоспалардың қауіпсіздігін растайтын бір ғана құжат бар. Ол мемлекеттік тіркеуден өткені туралы куәлігі.
Ал дәрігерлер бүгінде бизнеске айналған қоспаларды құптамайды. Себебі науқастарымыздың дені біз тағайындаған дәріні ішпей, көрші-қолаңға сеніп кетті. Оның салдары қиын, - дейді. Әсіресе қан қысымы жоғары науқастар абай болу керек.
Айдана Жылыбаева, City емханасының бөлім меңгерушісі:
- Бірақ ол кісілер дәрілерден шаршайды. Мына биологиялық белсенді заттарды қолдансам, мүмкін ол кісі де түскен, менде де түсуі мүмкін деген ниетпен қабылдап көреді. Ал ол қабылдағаннан кейін ағзаға қан қысымын түсіретін дәрі күнделікті түсіп отырмағаннан кейін, ол науқастарда үлкен криз береді. Ал криздің соңы инфаркт миокарды немесе инсультқа әкеледі.
Қазіргі таңда БАД-тар өте көп нарықта. Соның ішінде химиялық зиянды қоспаларға толы құрамы БАД-тар көп. Міне, сол себепті дәрігерлердің қазіргі таңда көзқарасы екіге бөлінді. Біреулер БАД-тарды қолдайды. Біреулер қолдамайды. БАД-тар рак ауруын туғызады деп айтып жатады кейбірі. Ол рас, қандай жағдайда рак ауруын туғызады? Егер құрамында сол химиялық концерогендер болса.
Сондықтан оның құрамы мен құжатына мән беріңіз. Талдама жасамай тұрып, өз еркіңізбен қабылдауға болмайды, - дейді дәрігерлер. Ең дұрысы – тез арықтататын немесе онкологияны жеңетін «ғажайыпқа» сенбей, салауатты өмір салтын ұстану.
Алуа Маханбет, Аманжол Байғазин