Әлеуметтік қолдаудың нәтижесінде өңірлердегі дәрігерлер тапшылығы 19%-ға, ал орта медицина қызметкерлері тапшылығы 7%-ға азайды.
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі мәлім етті. Былтыр медицина мамандарын құқықтық және қаржылық қамту шараларын күшейтетін заң қабылданған еді.
Қазір елімізде 164 мың медицина қызметкері сақтандыру жүйесі арқылы қорғауға алынған. 600-ге жуық дипломы бар жас маманға әлеуметтік көмек көрсетілді. Қосымша 207 дәрігер 8,5 млн теңгеден біржолғы төлем алды. Сондай-ақ ел Президентінің бастамасымен алғаш рет «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы үш дәрігерге берілді. Ал «Мамандығы бойынша үздік» республикалық байқауының 16 жеңімпазына 500 айлық есептік көрсеткішке теңестірілген ақшалай сыйлық үлестірілді.
Тағы бір жағымды жаңалық – ана мен бала өлімі азайған. Бұған жаңа медициналық технологияларды енгізу сеп болған. Неонаталды өлім-жітім 19%-ға төмендеген, сондай-ақ соңғы 10 жылда нәрестелердің шетінеуі 6,7, ал ана өлімі 11,4% азайған. Туа біткен ақауларды ерте анықтау үлесі 10%-ға өсті.
Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Халықты қауіпсіз және сапалы дәрілік заттармен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында министрлік тарапынан кешенді шаралар қабылданды. 2024 жылдың қорытындысы бойынша 2 млн 900 мың пациент тегін дәрілермен қамтамасыз етілді.
Айта кетейік, қатерлі ісікті диагностикалау мен емдеуге арналған Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың жаңа корпусының құрылысы аяқталды. Ол протон терапиясын жүргізуге арналған Қазақстан мен Орталық Азиядағы жалғыз орталық болады. Сондай-ақ енді медициналық көмекке ақы төлеудің бірыңғай жүйесі енгізіледі.
Келесі жылдан бастап инсультпен күресу мақсатында 50 жастан 70 жасқа дейінгі ер адамдар үшін тамырлардың ультра дыбыстық зерттеулер, қосымша скринингі енгізіледі. Сонымен қатар анықтамалардың сегіз түрі, оның ішінде аурухана мен медициналық кітапшалар электронды форматқа ауыстырылады.