Қызылорда облысының Арал, Қазалы, Шиелі және Жаңақорған аудандарындағы 300 мыңнан астам тұрғын енді мамандандырылған медициналық көмек іздеп облыс орталығына сабылмайды. Арнаулы мемлекеттік қордан 7 млрд теңге бөлініп, аталған аймақтардағы орталық аудандық ауруханалар жанынан жаңа ғимарат салынады. Онда инсульт орталығы, рентген-хирургия және өзге де бейінді бөлімдер ашылады. Магниттік-резонанстық томография, компьютерлік томография, ангиографиялық қондырғы орнатылады. Нысандар биыл қолданысқа беріледі. 4 ауданның халқы бұл игілікке кезінде заңсыз шығарылған, кейін Президент тапсырмасымен елге қайтарылған активтер есебінен қол жеткізеді.