Алматыдағы «Қамқорлық» оңалту орталығы төрт айда 57 баланы оңалтудан өткізді

  • 5
  • 21.11.2025, 19:39

Дамуында тежелу бар баланы қатарға қосудың жолы – медициналық оңалту. Соңғы уақытта елімізде бұл мақсатқа бөлінетін қаражат көлемі де артқан. Биылдың өзінде балаларды оңалтуға әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы 4 миллиард теңге бағытталды. Алматыдағы Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығы жанынан ашылған «Қамқорлық» ерте оңалту бөлімшесінің жұмысымен таныстық.

«Қамқорлық» ерте оңалту орталығы тамыз айында ашылды. Төрт айда бұл жерде 3 жасқа дейінгі 57 бала медициналық оңалтудан өткен. Орталықта сал ауруы, Даун синдромы сынды дерттерге шалдыққан, сөйлеу мен психомоторлық даму жағынан кенже қалған, босану барысында жүйке жүйесі зақымданған балаларға көмек көрсетіледі. 

Дінмұхаммед Сыздықбаев, ата-ана:

-
Бізде синдром Дауна. Осында бірінші рет келіп, мамандармен, психолог, логопед, неше түрлі массаждардың түрін алып, жұмыс істеп, өте риза болып, жақсы нәтижелер көріп жатырмыз. Осы екі аптада қызымыз неше түрлі дыбыстар шығарып бастады. Неше түрлі массаждар алып, бұлшықеттері қатайып, белсенді жүре бастады.

Балаларды оңалту бұрын кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында жүргізілетін. Қаражат шектеулі болғандықтан, барлық науқасты қамтуға мүмкіндік болмады. Мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін қаражат қана емес, қызмет көлемі, сапасы артып, жаңа технологиялар қолданысқа енгізілді.

Шынар Әлжанова, ӘМСҚ Алматы қалалық филиалы ақпараттандыру бөлімінің басшысы:

-
2019 жылы Алматы қаласы бойынша балалар реабилитациясын тек 4 орталық көрсеткен болса, 2025 жылы олардың саны 53-ке жетті. Бөлінетін қаражат мөлшері де осы жылдың 9 айын алып қарайтын болсақ, 400 мыңнан астам реабилитациялық іс-шара өткізілген балаларға қатысты. Оған қор қазірдің өзінде 9 айда 3,1 миллиард теңге төледі. Осы жылдың соңына дейін тағы да 1,1 миллиард теңге төлеу жоспарланып отыр. 

«Қамқорлық» орталығы сенсорлық бөлме, импрессоинды ванналармен жабдықталған. Білікті мамандар тобы әр балаға жеке емдеу бағдарламасын жасайды. Орталыққа жолдаманы емхана арқылы алуға болады. 

Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон