2026 жылға қарай азаматтардың денсаулық паспорты электронды форматқа ауысады. Яғни барлық медициналық дерек бір жерге жинақталады. Сондай-ақ онкологиялық және жүрек-қан тамырлары ауруларының ерте белгілерін анықтауда жасанды интеллект көмектеседі.
Биылғы жыл отандық медицина үшін табысты әрі тартысты болды. Табысы сол – салаға рентген, КТ және маммографияны оқитын нейрожелі белсенді енгізіліп, бүгінде жүрек-қан тамырлары мен қатерлі ісікті ерте анықтауға мүмкіндік беріп отыр. Соның арқасында биыл инсульттен болатын өлім-жітім 7 пайызға азайған. Сондай-ақ жыл басынан бері 2,7 миллион медициналық қызмет қашықтықтан көрсетілді. Бұл емханалардағы жүктемені азайтуға сеп болды. Ел арасында дәрі-дәрмектің қымбат екені де айтылып жүрген еді. Енді дәрі бағасы 30 пайызға дейін арзандамақ. Бұл ретте Денсаулық сақтау министрлігі жаңа тетік енгізіп жатыр.
Бауыржан Жүсіпов, ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы:-Біз дәрі-дәрмектің жаңа бағаларын бекіттік. Ол бағалардың алдыңғы бағалармен салыстырғанда 20-30% төмен бағаларды бекіттік. Соның арқасында келесі жылға сатып алу процесінде қазіргі таңның өзінде 36 млрд теңгедей экономия шығарды. Бұл жұмыс әлі де жалғасатын болады.
Медицина көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқанмен, шалғайдағы ағайынның ахуалы көңіл көншітпейді. Бірде маман, енді бірде емхана тапшы. Осы орайда Мемлекет басшысы ауыл тұрғындарын сапалы және қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз ету үшін «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыруды тапсырды. Онда қамтылған міндеттердің бірі – 655 елді мекенде медициналық нысан салу.
Алтынай Алтенова, ҚР ДСМ Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы:-Бұл міндет аясында 2023 жылы 299 объект, 2024 жылы 361 объект пайдалануға берілсе, биыл 195 медициналық-санитариялық алғашқы көмек объектісін пайдалануға беру жоспарланған. Бұл жоспар бойынша бүгінде 194 объектінің 185-нің құрлыс жұмыстары аяқталды. Қалған 10 объектінің құрлыс жұмыстары желтоқсан айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Бұрын-соңды күрделі ота жасату үшін шекара асып, мол қаражат жұмсасақ, бүгінде ел азаматтарынан бөлек, шетелдіктер де қазақстандық мамандарға жүгінеді. Елімізге жыл сайын 45 мемлекеттен шамамен 10 мың адам емделу үшін арнайы келеді. Сондай-ақ бүгінде Қарғандыдағы Мақажанов атындағы көп салалы ауруханада робот жұмыс істеп жатыр. Ал биылғы жылдың басты жаңалығы: миға күрделі ота тікелей эфирде жасалды. Ол отаны әлемнің үздік дәрігерлері бақылады. Францияда екі азаматқа жасалған күрделі операция қазақстандық нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаевтың жетекшілігімен жүзеге асқан.
Мыңжылқы Бердіқожаев, дәрігер-нейрохирург:-Ол 2 операция күрделі науқастарға жасалды. Бір науқаста бас миына стеноз болды. Екінші науқаста миына қан кетіп қалған артериовендік мальформация анамезі бар науқас болды. Екі операция да сәтті өтті. Бұл операциялар бізде күнделікті тәжірибемізде жасалып жүрген операциялар, сондықтан ешқандай күрделі жағдайларды көрген жоқпыз.
2025 жылдың 17 наурызында Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы өз жұмысын бастап, алғашқы науқасты қабылдады. Орталық 250 төсек-орны бар заманауи клиникалық базамен жабдықталған. Ауруханада KINEVO 900 роботтандырылған хирургиялық визуализация жүйесі бар. Сонымен қатар ҰШМҮО базасында Республикалық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы жұмыс істейді.
Батыр Айтмолда, Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы басқарма төрағасының орынбасары: -Осы жылда 8 шығыс болды бізде, оның ішінде Египетке, Кореяға, Вьетнам, Түркия, Қырғызстанға бардық. КТ апараты 256 кесіп істейтін бар, МРТ 3 тесло деген мықты аппараты бар, ангио узи аппараттары, соның ішінде 12 ота істейтін операционный залдарымыз бар.
Сондай-ақ кадрлық әлеует те артып келеді. 2025 жылы медициналық жоғары оқу орындарын 10 530 маман бітірді. Ауылдық медициналық ұйымдарға 370 адам бөлінді. Биыл өңірлердің өтінімдері мен қажеттіліктерін ескере отырып, 5 мыңнан астам білім беру гранты қарастырылған. 2024 жылдың қазан айынан бастап ауылдық денсаулық сақтауда жұмыс істейтін 16 аса тапшы мамандық бойынша 254 дәрігер 8,5 млн теңге бойынша біржолғы ақшалай төлем алса, 2025 жылы мұндай көмекті 298 маман алды.Құралай Жұмахан, Азамат Сәметов, Самат Оспанов