Биыл қайтыс болған донорлардан жасалған трансплантация 3 есе көбейді

  • 9
  • 17.12.2025, 18:40

Биыл қайтыс болған донорлардан жасалған трансплантация шамамен 3 есе көбейген. 17 донордың ағзасы 67 адамның өмірін құтқарды. Десе де, ағзаға мұқтаж қазақстандықтардың саны күн санап артып барады. 

Бибігүл Жүкенова 7 жыл бойы донордың өкпесімен тыныстап келеді. Бүгінде денсаулығы жақсы. Бірақ трансплантацияға дейінгі жағдайы мүшкіл еді. 

Бибігүл Жүкенова, реципиент:

-Трансплантация керек. Сен көп тұра алмайсың. Ең көбі 1,5 жыл деп жіберген мені. Менде шок болды. Қалай мен енді. Маған жай ғана астма деп жүрді, хобол деп жүрді де. Сен жүресің-жүресің, бір уақытта қарасаң өліп жатырсың. Сенің өкпең жоқ. Өкпеңді ауыстыру керек.


Арада 5 жыл өткен соң қажетті донор табылған. Осылайша, келіншектің езуіне күлкі үйіріліп, жанары оттай жанды. 

Алайда көпшіліктің бұлай жолы бола бермейді. Жылына 300-дей науқас донорды күтумен көз жұмады. Қазір күту парағында 4500-ден астам адам тұр. Оның 106-сы бала. Басым бөлігі бүйрекке мұқтаж.

Назгүл Жылгелдина, Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталық директорының орынбасары:

- Бізде әлі де туыстық трансплантация көбірек болып жатыр - 85 пайыз. 15 пайызы ғана мәйіттік донор. Ал әлем деңгейінде керсінше, 85 пайыз мәйіттік донор да, 15 пайызы ғана туыстық донор болып келеді.


Бүгінде egov порталында 10 мыңнан аса адам ғана қайтыс болғаннан кейін донор болуға ерікті түрде келісім берген. Бірақ олардың бәрі бірдей, донорлыққа жарамауы да мүмкін. Яғни инсульт алған немесе жол апаты кезінде миы істен шыққандардың ғана ағзасы алмастыруға келеді. 

Назгүл Жылгелдина, Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталық директорының орынбасары:

-Қазіргі таңда 170 адамдай анықталған болса, оның небәрі 17-сі ғана келісім беріп отыр. Егер 170-ті орта есеппен шаққанда 5 ағзаны берсінші адам, 170*5, ол 700-800-ге дейінге кетіп қалады. Сонда 4,5 мың күту парақшасында тұрған адамдардан күту парақшасы да азаяр еді.

Статистика көңіл көншітпесе де, бұл мәселеге қатысты қоғам пікірі ақырындап өзгеріп келеді. 
 
Соңғы бір жылда ағза күтуші науқастар арасында өлім-жітім 4,6 пайызға азайған. Дейтұрғанмен, тізімдегі әр жан үшін өмір мен өлім күнделікті таразыға түседі.

Дана Әлиева, Болотбек Табалдиев, Қанат Абильдин