СҚО-да медициналық мекеме ашылды

  • 73
  • 20.07.2026, 19:51

Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданында медициналық пункт пайдалануға берілді. Нысан жергілікті кәсіпкердің демеушілігімен салынған. Жалпы ауыл медицинасын дамыту бағдарламасымен облыста 38 фельдшерлік және дәрігерлік пункт ашылды.

Фельдшер Күлшара Бекешеваның медицина саласына келгеніне 40 жыл болды. Жиырма жылдан бері  Ступинка ауылында еңбек етіп, халыққа қызмет көрсетеді. Елді мекенде 54 үй бар. Бұрынғы медициналық пункт ғимараты әбден ескірген еді. Енді жаңа нысанда тұрғындарды қабылдауға барлық жағдай жасалған.

Күлшара Бекешева, фельдшер:

-Ескі медпункт болды бізде. 1972 жылы салынған, ескі, пешпен жағылатын ол ғимарат медпункт. Әрине мына жаңа медпунктпен салыстырса жер мен көктей арасы.

Жаңа медициналық пункт жергілікті кәсіпкердің қолдауымен салынды. Осындай әріптестік аясында ауданның өзінде төрт денсаулық сақтау нысаны бой көтерген.

Кәрімжан Исахов, аудандық аурухананың директоры:

- Бұл біздің ауданда қазіргі таңда көтеріліп жатқан жетінші жаңа медициналық объект. Осыған дейін ауыл медицинасын жаңғырту бағдарламасы бойынша 3 жаңа мекеме бой көтерген болатын. Және де біздің Жаңаталап, Жаңажол, Бірлік, Ступинка ауылдарында жергілікті өндірушілердің қаржыландырумен төрт медициналық бекеттер бой көтерді.

Облыста 19 аурухана, 387 медициналық пункт және 45 фельдшерлік-акушерлік пункт бар. Өңір тұрғындарына шамамен 1500  дәрігер мен 5 мың орта буын медицина маманы қызмет көрсетеді.

Гүлнара Сайлау, облыстық  денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:

- Ауыл медицинасын дамыту бағдарламасы бойынша бізде 38 фельдшерлік және де дәрігерлік пункт салынған болатын. Олар екі кезеңмен жүргізілді. Бірінші жылы 36 берілді. Қалғаны келесі жылы салынды.

Өңірде медициналық инфрақұрылымды дамыту бойынша ауқымды жобалар жүзеге асуда. Қызылжар ауданында Ұлттық қор қаражаты есебінен жаңа емхана салынып жатыр. Ал Айыртау ауданында заманауи аурухана бой көтереді. Сонымен қатар Петропавлда жедел медициналық жәрдем станциясының жаңа ғимаратын салу жоспарланып отыр.

Руслан Нұрланұлы, Наталья Волкова, Қуаныш Қазбеков