Енді елімізде альцгеймер ауруын жаңа әдіспен емдеуге болады

  • 9
  • 22.07.2026, 19:47

Енді елімізде альцгеймер ауруын жаңа әдіспен емдеуге болады. Алматыдағы ауруханаға инновациялық медициналық аппарат берілді. Тың технология мидың қартаюына байланысты өзгерістерді бәсеңдетуге септігін тигізбек. Заманауи аппараттың көмегімен бүкіл әлем бойынша 20 мыңнан аса науқасқа ем жүргізілген.

Neurolith аппараты әзірге Алматыдағы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына орнатылды. Бұл аппараттың көмегімен мидың зақымданған аймағына дәл әсер етуге болады. Науқастың басына арнайы құрылғы кигізіледі. Содан кейін ми тініне акустикалық импульстар жіберіледі. Осылайша, ми жасушалары қайта жанданып, адамның есте сақтау қабілеті жақсарады. Мамандардың айтуынша, жаңашылдықтың науқасқа ешқандай зияны жоқ.

Ермек Желдібаев, Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы директорының орынбасары:

- Шетелдің кейбір жетекші орталықтарында сегіз жылдан астам уақыт альцгеймер ауруын емдеуге және ғылыми зерттеулер жүргізіп, клиникалық тәжірибеде қолданып жатыр. Біз де осы технологияны алғаш рет біздің ауруханаға енгізіп, осы альцгеймер сияқты кейбір ми жүйесі ауруларын емдеуге пайдаланғымыз келеді.

Мемлекет шетелде қиын жағдайға тап болған отандастарымызға да қол ұшын беріп келеді. Соның бір дәлелі – Таиландтан жеткізілген кішкентай Аслан Әлиев. Сәби мерзімінен бұрын, наурыз айында дүниеге келген. Нәрестеге ауыр сепсис және көп ағзалық жеткіліксіздік диагнозы қойылған. Шарасы мен қаражаты таусылған анаға үкімет қолдау көрсетті. Оларға мамыр айында санитарлық авиация жіберілген. Осылайша кішкентай науқас Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында ем қабылдады.

Назира Әлиева, Аслан Әлиевтің анасы:

- Бұл өте қиын әрі күйзеліске толы ұзақ жол болды. Әлі күнге дейін сол сапар есімнен кетпейді. Баламды аман-есен жеткізіп, барлық күш-жігерін салған мамандарға алғысымды айтамын.

Қанат Әшірбай, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының неонаталды хирургі:

- Келгеннен кейін бесінші тәулікте біз балаға ота жасадық. Негізгі ота жасалған диагноз – некротикалық энтероколиттің үшінші дәрежесі. Осы диагноз бойынша ота жасалды. Қазіргі таңда бала негізгі отаның сәтті өтуіне байланысты ем қабылдап жатыр. Жалпы осы некротикалық энтероколит диагнозында операциялардың жүз пайызының ішінде сексен пайызы ішек стомасын салумен аяқталады.

Ауруханаға түскен кезде нәрестенің салмағы бір келіден сәл асатын. Ақхалаттылардың қажырлы еңбегі ақталды. Қазір баланың жағдайы бірқалыпты. 2,5 айдың ішінде салмағы 2,5 келіге жетіпті. Сәби ауруханадан үйіне жіберілді. Бұл мемлекет тарапынан кепілдік берілген тегін базалық медициналық көмек сапасының нақты көрінісі болды.

Ернұр Рысбай, Кенже Амраев