Елде 100 жаңа қоқыс полигоны салынады

  • 45
  • 08.07.2025, 18:34

Қазақстанда қоқыс мәселесі жыл өткен сайын күрделеніп барады. Қалдықты жинау, сұрыптау, қайта өңдеу ісін айтпағанның өзінде елдегі үш мыңға жуық полигонның көбі санитарлық талапқа сәйкес келмейді. Оған қоса көбі тола бастаған. Жағдайды реттеу үшін 100 полигон салу туралы кешенді жоспар іске асырылмақ.

Жезқазған қаласынан 20 шақырым жердегі қоқыс полигоны лық толып тұр. Мұнда күніне шамамен 150 тонна қалдық төгіледі. Тау боп үйілген қоқыс қысы-жазы күнара өртеніп, айналаны жағымсыз иіс жайлайды. Әрі қала аумағында заңсыз қоқыс алаңдары азаймай тұр. Былтыр ғарыштан жүргізілген бақылау нәтижесінде 130-дан астам рұқсат етілмеген орын анықталған еді. Бүгінге дейін соның 8-і ғана жойылған. Ал әкімдік өкілдері:  «Бейберекет шашылған қалдықты толық жинау үшін әлі біраз уақыт керек», - дейді.

Әділ Темоханов, қалалық ТҮКШ бөлімінің маманы:

- Ағымдағы жылы қаламыздағы рұқсат етілмеген қоқыс алаңдарын тазалауға 27 млн теңге ақша бөлінді. Жылдың аяғына дейін 50-ге жуық қоқыс алаңын тазартамыз деген ойдамыз. Биыл бітпейді. Қалғанын келесі жылы қарастыратын боламыз.

Бүгінде елде 3 мыңға жуық қоқыс полигоны бар. Соның тек 600-і экологиялық және санитарлық нормаға сәйкес келеді. Қалған 2400-і тиісті талапқа сай емес. Ал Атырау, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарында полигондардың 90 пайызы толған. Астанада бұл көрсеткіш 95 пайызға жеткен. Жалпы елде жыл сайын 4,5 млн тонна қоқыс жиналады.

Абылай Алмұханов, ҚР ЭТРМ Қалдықтарды басқару департаменті директорының орынбасары:

- Неге полигондар мәселесі реттелмей отыр? Бұл жерде қаражаттың жеткіліксіздігі – 1 мәселе. Өйткені бар полигонды экологиялық нормаларға сәйкестендіру үшін оған да қомақты қаражат қажет. Өйткені талап бар. Ол жерасты суларының ластанбауы, сол жиналған қалдықтардың атмосфералық ауаны ластамауы, кейбір полигондар қоршалмаған. Сондай мәселелер де бар.

Қоқысқа қатысты проблема барлық өңірде бар. Мәселені шешу үшін мамандар: «Қыруар қаржы мен қала және ауылға бөлек-бөлек талап жасақтау керек», - дейді. Соңғы бағыт бойынша қазір тиісті заңнамаға түзету енгізу көзделіп отыр.     

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- Мамандар қоқыс мәселесін шешу үшін ең алдымен тұрғындардың мәдениеті қажет екенін үнемі айтып келеді. Олардың айтуынша, әрбір қалдықты арнайы жәшікке тастау дағдысын қалыптастыру маңызды. «Өркениетті, дамыған Еуропа елдерінде бұл мәдениетті орнықтыруға шамамен 50 жыл уақыт кеткен. Бізде де осы жолдан өту қажет», - дейді мамандар.

Қоқысты сұрыптау да күн тәртібінде. Елде жиналған қалдықтың тек 25 пайызы ғана сұрыпталады. Ал қайта өңдеу кәсіпорындары аз.

Абылай Алмұханов, ҚР ЭТРМ Қалдықтарды басқару департаменті директорының орынбасары:

- 63 жобаны мақұлдадық. Инвесторлар бізге өзінің өтінімін берді. Бұл біздің саясатқа сәйкес келеді. 20-ға жуық сұрыптау бойынша жоба бар, арнайы техниканы алу бойынша 9 жоба бар және де қалған 63 жобаның 30-дан астамы бұл қайта өңдеуге бағытталған. Бұл жерде бізде өңірдің қажеттілігін жабу бойынша мәселені міндетті түрде қараймыз. Оның ішінде ірі-ірі макулатура, пластик және екі ірі шыны қалдықтарын қайта өңдеу жобалары бар.

Қоқыс мәселесін шешуге қатысты жұмыс енді қарқын алмақ. Әзірге 100 жаңа полигон салу туралы кешенді жоспар бар. Бүгінге дейін соның 7-еуі пайда болса, қалғандарының жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Қали Несіпбаев