БҚО-да заңсыз төгілген қоқыс үйінділері жойылып жатыр

  • 77
  • 30.07.2025, 18:55

Батыс Қазақстан облысында заңсыз төгілген қоқыс үйінділері жойылып жатыр. Биыл ғарыштық мониторингтің көмегімен 148 заңсыз қоқыс алаңы анықталып, тазалау жұмыстары жүруде. Алдымен тұрғын үйлер мен су айдындарының айналасы ретке келтіріледі.

Құрылыс материалдары, тозған дөңгелектер мен пластик бұйымдар. Деркөл кентінің маңында жылдар бойы жиналған қоқыс арнайы техниканың көмегімен жойылып жатыр. 

Арман Чукалов, мердігер мекеменің басшысы:

-Тазалық жұмыстары басталды. Шамамен 10 күн ішінде аумақты толық тазартуды жоспарлап отырмыз. Қоқыс 200-250 рейспен тасымалданады. Техника жеткілікті, еш қиындық жоқ.

Облыс орталығында мұндай тазарту жұмыстарын жүргізетін 7 аумақ белгіленген. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, заңсыз қоқыс үйінділері негізінен бос жатқан жерлерде, өзен жағалауларында және қала сыртында кездеседІ.

 Нұрлыбек Мұхамбетқалиев, ТҮКШ  Жолаушылар көлігі және автомобиль  жолдары бөлімінің сектор  меңгерушісі:

-Бізде қалада сегіз участок бар. Жаңағы жабайы қоқыс аландары, соларды бүгінгі таңда бөліммен шығаруды қолға алып жатыр. Бізде шығарушы қалада екі мердігер компаниямыз бар. Ағымдағы жылы ақпан айында жасалған келісімшартқа сәйкес екі жылға жасалды. Қазір қаламызда қатты тұрмыстық қалдықтар өзінің кестесіне сәйкес күнделікті жаңағы өзінің арнайы орындарына шығарылатын болады.

Биыл ғарыштық мониторинг арқылы Батыс Қазақстан облысында 148 заңсыз қоқыс алаңы анықталды. Бұл полигондар негізінен Бөрлі, Теректі, Сырым, Шыңғырлау, Тасқала және Бәйтерек аудандарының аумағынан табылған. Қазіргі таңда оның 27-сі жойылды. Спутниктік арқылы жаңа қоқыс ошақтарын анықтап, экологиялық жағдайды қашықтан бақылауға мүмкіндік бар. Әсіресе ауылшаруашылық жерлері мен су айдындарының маңындағы заңсыз қоқыс полигондарына ерекше көңіл бөлінуде. Себебі олар қоршаған ортаға айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін. 

Алматай Жұмағазиев, Экология департаментінің бөлім басшысы:

-Стихиялық қоқыс орындары азаймай тұр. Дегенмен де алға ілгерілеу бар. Мысалға алатын болсақ, былтырға қарағанда биыл стихиялық қоқыс орындары сәл аз кездесіп отыр. Былтыр 192 болатын болса, биыл 148 алдағы уақытта осы бірігіп жергілікті атқарушы органдармен осы халықпен бірлесіп стихиялық қоқыс орындарын болдырмау мақсатында жұмыс істейміз.

Өңірдің тазалығын сақтауда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының маңызы зор. Жыл басынан бері бұл бастамаға 90 мыңға жуық волонтер қатысып,  сенбіліктер мен тазалық шараларын ұйымдастырған. Нәтижесінде шамамен 26 мың тонна қоқыс шығарылып, қоршаған ортаға зиян келтіретін қалдықтардан арылуға мүмкіндік туды.

Қарлығаш Қасиетова, Альбина Құмарғалиева, Қалыбек Ақрап, Эльдар Айыпо