Қостанай облысында қоқыс өңдеу зауыты жаңғыртылып жатыр

  • 9
  • 14.08.2025, 18:43

Қостанай облысының Перцев ауылындағы қоқыс өңдеу зауытын жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жобаға «Жасыл даму» және «Өнеркәсіпті дамыту қоры» 354,5 миллион тенге бөлді.

Техникалық резеңке қалдықтарын қайта өңдеп, пиролиз отыны мен резеңке үгіндісін өндіретін кәсіпорын қазіргі уақытта жылына 3 мың тонна өнім шығарады. Жаңғыртудан кейін өндірістік қуаттылық 4 есе артады. Яғни өңірдегі ескі резеңкелердің дені кәдеге жаратылады. Осындай қоқыс өңдейтін өндіріс орындарын салуға «Жасыл даму» акционерлік қоғамы қолдау көрсетуге дайын. Үш проценттік жылдық мөлшерлемемен 15 жылға дейінгі мерзімге қарыз түрінде қаржыландыру ұсынады. Осы күнге дейін еліміз бойынша 67 жоба мақұлданған. Соның 43-і қалдықты қайта өңдеуге қатысты. 

Ринат Ишбулатов, кәсіпорын басшысы:

- «Жасыл даму» қорынан алған ақшаға құрал-жабдықтар сатып алдық. Жаңа цех осы алаңда орналасады. Қазан, қараша айларында құрал-жабдықтарды орнату, құрастыру жұмыстары басталады. Қазір біз «Эко-қолдау» жобасына қатысамыз. Резеңке қалдықтарын қайта өңдегеніміз үшін субсидия төленеді. Бұл экология саласында жұмыс істейтін кәсіпорындар үшін мемлекет тарапынан жасалып отырған үлкен қолдау, ынталандыру деп білемін.