Алматының Наурызбай ауданындағы бір сайға жылдар бойы қоқыс пен құм-тас төгіліп келген. Жекеменшікке тиесілі аумақ болғандықтан жауаптылардың қолынан ескерту мен хаттама толтыру ғана келген. Тау етегіндегі осы түйткілдің түйіні тарқамай тұр.
Алуа Ералықызы, тілші:
- Наурызбай ауданының аумағында орналасқан бұл сай тас пен құмға толған. Бір күнде емес, бірнеше жыл бойы жиналған дүние. Жекеменшікке қарасты 1 гектардан аса аумаққа жергілікті билік өкілдері бірнеше рет ескерту жасағанымен, өздеріңіз көріп отырғандай, нәтиже жоқ.
Бірнеше жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселені жуырда депутат Бақытжан Базарбек көтеріп, жергілікті билікті дәрменсіз деп айыптады. Бүгінгі бейқамдық ертеңгі апаттың бастауы болуы мүмкін екенін ескертті.
Талғат Әділбеков, Наурызбай ауданы әкімі аппаратының бөлім басшысы:
- Аталған жер телімі қазіргі таңда, бұдан алдын да жекеменшікте. Ол 2014 жылға дейін жекеменшікте Наурызбай ауданының құрылу алдында болған. Бірнеше рет ескерту шаралары болған. Полиция басқармасымен шамамен 38-40-тай әкімшілік құқықбұзушылық хаттамалар толтырылған. Бірақ енді басқа да құзырлы органдар сол тексерумен айналысады.
Тұрғындар: «Мәселе көтерілгенімен, мардымды жауап жоқ», - деп отыр. Егер сел жүретін болса, су арнасы бітелгендіктен, маңайдағы үйлерге зияны тие ме деп қорқады.
Наргиз Карденова, қала тұрғыны:
- Мен бұл ауданда көп жылдан бері тұрамын. Мәселені көтеріп, талай рет арыз жаздық, бәрі жауапсыз қалды. Соңғы 2 жылда жүк көліктері тоқтаусыз өтіп жатыр. Қазір бұл тек табиғатқа емес, балаларымыздың қауіпсіздігіне де қатер төндіріп отыр.
Мәселенің тағы бір қыры – экологиялық жағдайдың нашарлауы. Ауа сапасына бірден әсер етпесе де, табиғаттың жаратқан келбеті жойылып барады. Экологтар да қолданыстағы заң мұндай жағдайда қатаң шара қолдануға шектеу қоятынын жасырмады.
Дінмұхаммед Лесбеков, экология департаменті басшысының міндетін атқарушы:
- Морфологиялық құрамы топырақ болатын болса, біздің қолданыстағы Экологиялық кодекстің талаптарына сәйкес, топырақ қалдыққа жатпайды. Сондықтан бұл жерде де біздің қолымызды қысқа қылып отырған мәселенің екінші жағы бар.
Бірнеше жыл бойы шешімін таппаған даулы жер қазір жергілікті атқарушы органдардың да, табиғатты қорғау мекемелерінің де бақылауында. Дегенмен түйткілдің түйіні қашан тарқатылары белгісіз.
Алуа Ералықызы, Әбен Нарынбаев