Бұл экологиялық зардаптан бұрын экономика үшін өз пайдасын әкелуге тиіс. Елде қоқысты қайта өңдеп, түрлі бұйым әзірлейтін 68 компания бар.
Біреу қоқыс көрсе, біреу мүмкіндік көреді. Қазақстанда тұрмыстық қатты қалдықты қайта өңдейтін 70-ке жуық компания бар. Біз қазір сондай кәсіпорындардың біріндеміз. Бұл жерде қарапайым пластик пен құмнан аулаға арналған орындықтар мен қоқыс жәшіктерін әзірлейді.
Өндіріс процесі қоршаған ортаға зиянсыз. Барлық материал мұқият ұсақталып, төмен температурада өңделеді. Нәтижесінде түтін де шықпайды, артық қалдық та қалмайды.
Нұрбақыт Елеусізов, цех бригадирі:
-Целлофан, канистр, жәшіктер сатып аламыз бәрін. Жәшікті өзіміз ұсақатймыз, целлофанды өзіміз ұсақтаймыз. Экология таза ауа керек қой бізге. Бір ағашты кескенше, 5500 пакет салсақ, бізге бір скамейка жетеді. Экологиялық таза бір жағынан. Төзімділігі де мықты. Ағаш мысалы шіріп кетеді, бұл шірімейді. Күнге де шірімейді. Сапасы жақсы.
Кәсіпорын ай сайын 20 тоннаға дейін қалдық өңдейді. Ал дайын өнімдер елдің барлық аймағына жіберіледі.
Ғайнұр Тоқтаров, цех директорының орынбасары:
-Пластик – экологияға ең зиянды қалдықтардың бірі. Сондықтан оны қайта өңдеу өте маңызды. Біздің мекеме -қалдықсыз өндіріс орны. Өнімдеріміз мектептер мен аулаларда, саябақтарда жиі кездеседі.Қайта өңдеудегі басты қиындықтардың бірі – кәдеге жарайтын қоқыс табу. Осы орайда «Экоқолдау» бағдарламасы іске қосылған. Жекеменшік компаниялар қайта өңдеу үшін қағаз, пластик, шыны, металл сияқты қалдықтарды ақысыз негізде ала алады. Дейтұрғанмен, жүйеде тіркелген 68 компанияның барлығы әзірге мұндай мүмкіндікке толық қол жеткізе қойған жоқ.Нұржан Дүйсенбай, «Жасыл даму» АҚ баспасөз хатшысы:
-Эколқолдауға мүше болғаннан кейін ақы бөлінеді. Әрі қарай іске асыру мүмкіндігі бар. Қазіргі кезде толық циклді қалдықтармен жұмыс істейтін 10 компания тіркелген. Болашақта бұдан да көп компания тіркелсе екен деген ниеттеміз.
Сарапшылардың пайымынша, жаһандағы қоқыстың 90% қайта кәдеге жарайды. Ал Қазақстанда бұл статистика көңіл көншітпейді. Тек 10% төңірегінде тұр. Демек қоқысты қайта өңдеумен қатар, сұрыптау мәдениетін де қалыптастырған жөн.
Дана Әлиева, Азамат Саметов, Самат Оспанов