Елімізде қалдықтарды басқару жүйесі жаңғыртылмақ

  • 151
  • 05.01.2026, 18:57

Бұл қоршаған ортаны қалдықтан тазарту мақсатында қолға алынған маңызды жоба. Экологияны жақсарту мақсатында бұдан өзге қандай іс-шара қолға алынады?

Экологиялық мәдениетті қалыптастырып, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған «Таза Қазақстан» акциясы аясында 2025 жылы 1 мың 300-ге жуық экологиялық іс-шара өткен. Нәтижесінде 844 мың тонна қалдық жиналып, 1 млн 100 мың гектардан астам аумақ тазартылды. Сондай-ақ 335,6 млн ағаш пен көшет отырғызылған. Экологиялық акцияларға жалпы 6,5 миллионға жуық адам қатысқан.

Ерекше қорғалатын аймақтар да кеңейген. Атап айтқанда, Жамбыл облысында аумағы 86 мың шаршы гектар болатын «Меркі» өңірлік табиғи паркі құрылды.

Мариямгүл Төке, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар басқармасының бас сарапшысы:

- Жаңа табиғи парк сирек кездесетін және өліп кету қауіпі бар өсімдіктерді қорғауға бағытталған. Мұнда Қызыл кітапқа енген жан-жануарлар мен өсімідіктер де бар. Оның ішінде мысалы, қар барысы, Түркістан сілеусіні, қызыл қасқыр, арқар бар. Ал өсімідіктердің 500-ден астам эндемикалық және сирек түрлері кездеседі.

Қазақстан «Жасыл экономиканы» қолдайды. Ал «Жасыл экономикаға» өтудің маңызды қадамдарының бірі – ірі кәсіпорындардағы шығарындылар көлемін азайту. Өткен жылы шығарындылар 2022 жылмен салыстырғанда, 148 мың тонна немесе 7,2%-ға төмендеген. Бүгінде автоматтандырылған мониторинг жүйесі еліміздің ірі 78 кәсіпорнында орнатылған. «Алайда ауа сапасы жақсарды деп қуануға әлі ерте», - дейді синоптиктер. 

Гүлзат Шерубаева, «Қазгидромет» РМК Экологиялық мониторинг басқармасының жетекші инженері:

- Жалпы атмосфералық ауаның ластануының тұрақты жоғары деңгейі Қарағанды, Өскемен, Атырау, Ақтөбе, Құлсары және Алматы қалаларында жиі тіркеледі. Атмосфералық ауаның ластану деңгейі шекті рұқсат етілген концентрациядан 10 еседен асып кеткен жағдайларда, тиісті шаралар қабылдау үшін бұл ақпарат мемлекеттік органдарға жолданады.

Елде қатты тұрмыстық қалдықтарға да аса мән беріліп жүр. Атап айтқанда,  жыл сайын 4,5 млн тоннадан астам коммуналдық қалдық шығарылады. Былтыр оның 28,6 проценті қайта өңделді. Алдағы 4 жылда бұл көрсеткішті 40%-ке жеткізу міндеті тұр. Бұл бағытта бірнеше келісімге қол қойылған. Сонымен қатар инвестициялық келісімдер шеңберінде Астана, Алматы және Шымкент қалаларында 3 қоқыс өртеу зауытын салу жоспарланып отыр. Құны 293 млрд теңгені құрайтын жобаның құрылыс мерзімі 2-3 жылды қамтиды.

Алуа Маханбет, Самат Сүлейменов