Қазақстан Қырғызстанмен сауда-инвестициялық ынтымақтастықты арттырады

  • 106
  • 22.05.2025, 18:32

Қазақстан мен Қырғызстан сауда-инвестициялық ынтымақтастықты тереңдетеді. Бүгін Сенат тиісті заңды мақұлданды. Құжатта екі ел арасындағы инвестицияларды қорғауға басымдық берілген. Депутаттар сондай-ақ қоғамдық мәселелер бойынша Үкіметке бірқатар сауал жолдады. Оның ішінде қоғамдық тәртіпті сақтау, әсіресе бұзақылық санының артып бара жатқанын айтып дабыл қақты. Сенаторлар ғарыш саласындағы мәселелерге де тоқталды.

Біздің ел – Қырғызстанның ірі сауда серіктесі. Қазірдің өзінде екі ел арасындағы жылдық тауар айналым 1,7 млрд АҚШ долларына жеткен. Қазақстаннан  Қырғыз еліне экспорт 9,6% өсіпті. Бүгін қабылданған құжат осы сауда-экономикалық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Атап айтсақ, инвестициялар үшін әділ және тең құқық беру, оларды түрлі тәуекелдерден қорғау тетіктері көрсетілген. Мәселен тараптар салынған капиталды мемлекет меншігіне алмауға және төтенше жағдайда шығындарды өтеуге міндеттенеді. 

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Құжат бір мемлекеттің инвесторларының екінші мемлекеттің аумағындағы инвестициялары үшін қолайлы жағдайлар жасауды көздейді. Жалпы бұл заң бауырлас елдеріміз арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға оң септігін тигізеді деп сенеміз. 

Елімізде 21 мың ұсақ бұзақылық жасалған

Жиынан кейін қойылған депутаттақ сауалдар да әлеуметтік мәселелер көтерілді. Геннадий Шиповских бұзақылықтың, әсіресе, қайталанған құқық бұзушылықтар санының артып бара жатқанына алаңдаушылық білдірді. Мәселен «бұзақылық» бойынша 2010 жылы 26 адам сотталса, 2024 жылы бұл сан 460 адамға жеткен. Ал «ұсақ бұзақылық» бойынша 2022 жылы 15 іс тіркеліпті. Былтыр ол көрсеткіш 21 мыңнан асыпты. Депутаттың пікірінше, мұндай динамика қоғамда үрей туғызып, азаматтардың сенімін әлсіретеді.

Геннадий Шиповских, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Осы ретте біз келесіні ұсынамыз. Бұзақылық пен ұсақ бұзақылықтың алдын алу жөніндегі кешенді ұлттық жоспар қабылдау. Учаскелік полиция инспекторларының әлеуетін арттыру. Қоғамдық орындарда бейнебақылау жүйелерін кеңейту арқылы құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтау мүмкіндігін арттыру.

Шындап кіріссек спутник те жасай аламыз

Қазақстан жалға беруші емес, ғарыш өнімін жасайтын елге айналуы керек. Сенатор Андрей Лукин осыдан 70 жыл бұрын негізі қаланған салның бізде әлі күнге лайықты деңгейде дамымай жатқанын сынға алды. Оның айтуынша, бірегей инфрақұрылым мен база бола тұра біз қазір тек жалға беруші ретінде қалып отырмыз. Егер үкімет тиісті қолдау көрсетсе ғарыш өнімін өндіретін және экспорттайтын елге айнала аламыз. Қазірдің өзінде Моңғолия, басқа да мемлекеттер Қазақстанда жасалған ғарыш спутнигін сатып алуға ниетті.

Андрей Лукин, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: 

- Ғарыш өнімін шығаратын бізде база, арнайы кешен де бар. Депутаттар жуырда оның жұмысымен танысып келді. Тек жоғары білікті ғарыш мамандары жетіспей тұр. Бізге инженерлік-ғарыш факультеттерін ашу қажет. Сондай-ақ  ғылыми-зерттеу базаларын дамыту және студенттердің тағылымдамадан өтуін ұйымдастыруға басымдық берілсін. Ғарыш саласындағы технология – бұл елдің инновациялық болашағы.

Сенаторлар сондай-ақ жылу энергетикасы, жүн өңдеу саласы мен көмір химиясын дамыту мәселереріне де назар аударуға шақырды.

Ердәулет Ыбырайұлы, Айдос Меделбеков