6,2%. Өткен жартыжылдықта еліміздің жалпы ішкі өнімі осыншаға өсіпті. Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды. Әсіресе құрылыс, сауда, өнеркәсіп және байланыс салаларында оң өзгеріс бар. Ал жыл соңына дейін автомобиль өткізу пункттері 100% жаңғыртылатын болды.
Жартыжылдықтағы жетістіктерді Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин баяндады. Ол келтірген деректерге сәйкес тұрақты даму көрсеткен – көлік саласы. Өсім 22% асқан. Құрылыс 18 сауда және тау-кен өнеркәсібінде 8% артқан. Өңдеу секторы 5,5%-ға, ал ауыл шаруашылығы 3,7%-ға өсіпті.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:
- Көлік және сауда қызметтерін дамытуға астық тасымалдау көлемін ұлғайту әсер етті. Экспорт көлемі 11,8 млн тонна астық пен ұнға жетті. Бұл соңғы 13 жылда тіркелген ең жоғары нәтиже. Негізгі бағыттары – Өзбекстан, Тәжікстан, Иран және Әзербайжан.
7,9 млн шаршы метр тұрғын үй салынды
Елде алғашқы жартыжылдықта 7,9 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліпті. Өңірлер арасында Түркістан, Ақмола, Ұлытау, Жетісу облыстары мен Шымкент қаласы көш басында тұр. Жалпы биыл елде 19,2 миллион шаршы метр тұрғын үй салу көзделген.
Экономика дегенде валюта бағамы не болады деген сұрақ көтеріледі. Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің сөзінше, бұған қатысты үлкен өзгеріс орын алмауы тиіс. Себебі қазір сыртқы орта қалыпты. Ал ішкі факторлар тек маусымдық сипатқа ие.
Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық Банк төрағасы:
- Жыл басынан бері теңгенің бағамы бір доллар үшін 519,73 теңгеге дейін, яғни 1%-ға нығайды. Сыртқы факторлар бойынша әлемдік сауда келіспеушілігіне байланысты нарықтағы құбылмалылық және Ресей рублінің нығаюы байқалады. Сонымен қатар мұнай бағасы шамамен бір баррель үшін $70 доллар деңгейінде қалыптасты. Ішкі факторлар бойынша жылдың алғашқы айларында ұлттық валютаны қолдауға импорттық сатып алудың қысқаруы мен экспорттаушылардың салық төлемдері есебінен валюта ұсынысының ұлғаюы әсер етті.
Автомобиль өткізу пункттері 100% жаңғыртылады
Ал Қаржы министрі Қазақстаннан заңсыз шығарылған активтерді қайтару арқылы 400-ден астам нысан салынып жатқандығын да атап өтті. Олар сумен жабдықтау, денсаулық сақтау, білім беру мен спортты дамытуға арналған жобалар. Аталмыш мақсатқа 318 млрд теңге бөлінген.
Алыс-беріс пен барыс-келісті жақсатрту үшін еліміздегі автомобиль өткізу пункттері жыл соңына дейін 100%-ға жаңғыртылады. Мамандар: «Осы арқылы шекарадағы бақылау жеңілдейді әрі күшейеді», - дейді. Бүгінгі таңда Қапланбек, Атамекен, Көлжат және Алакөл сияқты төрт пункт пайдалануға беріліпті. Жыл соңына дейін қалған 5 пункт кезең-кезеңімен іске қосылады.
Мәди Тәкиев, ҚР Қаржы министрі:
- Осылайша жаңғырту еліміздің сыртқы шекарасындағы тиісті пунктерді 100% қамтиды. Бүгінгі таңда өткізу қабілеті орта есеппен 25%, оның ішінде Қытаймен шекарада 37%-ға ұлғайды. Пунктердегі өту уақыты 9 сағаттан 3 сағатқа дейін қысқарды. CargoRuqsat электронды кезек іске қосылып, 55 мың жүргізуші мен 145 мың көлік құралы тіркелді.
Көлік дәліздері де назардан тыс қалмауы тиіс. Олжас Бектенов осыған назар аударды. Жайлы жол еліміздің транзиттік әлеуетін одан әрі кеңейту үшін қажет.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Алдағы жылдары 3 мың шақырымнан астам автокөлік жолын күрделі жөндеу, өткізу бекеттерін жаңғырту, Қазақстан арқылы өтетін теміржол дәлізі аясында жаңа жобаларды іске асыру, халықаралық авиахабтар құру жұмыстары басты назарда болуы тиіс. Бұл шаралар 2028-ші жылға қарай әуе көлігімен жүктерді тасымалдау көлемін, сондай-ақ 2027-ші жылға қарай теміржол транзитін 2 есеге арттыруға мүмкіндік береді.
Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:
- Жиында мемлекеттік нысандарды бәсекелестік ортаға беру жұмыстары жалғасатындығы айтылды. «Бұл нарықтың заңы», - дейді мамандар. Дәл қазір 20 нысан сатылымда. Ал 153 нысан сатылымға дайындалуда. Олжас Бектенов сондай-ақ газ өңдеу зауыттарының құрылысын жеделдетуді және алдағы егін орағына және қысқа дайындық жұмыстарын қазірден пысықтауды тапсырды.
Ердәулет Ыбырайұлы, Аян Сәрсенбаев, Руслан Тәуірше