Бала өлімі: іс сотта қаралып жатыр

  • 5
  • 25.11.2025, 19:47

Астанада стоматологиялық клиникада үш жасар қыз баланың қайтыс болуына байланысты іс сотта қаралып жатыр. Бүгін екінші отырысында мемлекеттік айыптаушы бірнеше томнан тұратын тексеру қорытындысы мен медициналық сараптама нәтижесін оқып берді. Емхана бөлмесінде жүргізілген іс-әрекеттердің бейнежазбасы да көрсетілді. Стоматолог пен анестезиологтың сын сағатта атқарған жұмысы және жедел жәрдем қызметкерлерінің әрекеті қаралды. Еске сала кетейік, өткен жылдың қазан айында үш жасар қыз тісін емдету кезінде стоматолог кереуетінде қайтыс болған еді. Анықталғандай, бастапқыда оның оншақты тісін емдеу керек болған. Алайда дәрігерлер бір мезетте 18 тісін емдеуді шешкен. Дәрінің күшімен үш сағаттан астам уақыт ұйқыда жатқан бала қайтып тұрмаған. Осыған қатысты келесі сот отырысы 27 қарашаға белгіленді.  

Руслан Айтжанов, жәбірленуші тараптың қорғаушысы: 

-Іс бойынша екі қорытынды. Бірінші қорытынды ол мемлекеттік мекеме медициналық қызметті бақылау комитеті қорытындысы. Ол сараптама болып аталмайды. Екінші қорытынды ол комиссионды кешенді сараптама деп аталады. 1 тамыз 2025 жылы қорытынды берілген. Сол қорытынды бойынша нақты шешімдер көрсетілді – ол дәрігер анестезиолог және стоматолог дәрігер. Екеуінің де кінәсі бар екендігі нақты көрсетілген.  

Сағынғали Елеуов, айыпталушының қорғаушысы: 

-Біз тергеу жұмыстары жан-жақты, объективті түрде жүргізілмеді деп санаймыз. Қылмыстық заңнама нормалары өрескел бұзылған. Біз бұған соттың назарын аударатын боламыз.