Келер жылдан бастап Қазақстанда барлық тауардың бірегей сәйкестендіру коды болады. Бұл өзгеріс өндірушілерге, импорттаушыларға, дистрибьюторларға, сауда желілеріне, маркетплейстерге және жеке кәсіпкерлерге қатысты.
Сауда және интеграция вице-министрінің айтуынша, қазір тауарлар туралы ақпарат шашыраңқы, сондықтан бұл салықтық бақылауды қиындатады. Жаңа жүйе аясында Ұлттық тауарлар каталогы құрылады. Онда әр тауардың құрамы, шыққан елі, бренді және өзге де ақпарат көрсетіледі. Әр тауар бірегей кодпен тіркеледі.
Әсет Нүсіпов, ҚР Сауда және интеграция вице-министрі:
- 2026 жылдан бастап тауарларды Ұлттық бірыңғай тауарлар каталогына тіркеу барлық өндірушілер мен импорттаушылар үшін міндетті болады. Заңға қол қойылды. Енгізудің жол картасы дайындалды. Тәулігіне 10 млн-нан астам түбіртек бойынша деректер өңделуде, бизнеске арналған 11 API-сервис іске қосылды.