Стратегиялық жоспарлау мен басқаруда үлкен кемшілік болған.
«Қазатомөнеркәсіп», «Самұрық-Қазына Өндеу» – аудит осындай негізгі компанияларда жүргізіліпті. Еншілес кәсіпорындар да қамтылған. Өткен жылдың қаржылық көрсеткіштері жақсы. Ал оған дейінгі мерзімдерге қатысты сұрақ көп.
Жандос Жүнісов, ҚР Жоғары аудиторлық палатасының мемлекеттік аудиторы:
- Біз қордың топ компанияларында стратегиялық жоспарлау мен басқарудағы кемшіліктерді анықтадық. Мысалы, қорды трансформациялау бағдарламасының 2018-2021 жылдарға арналған мақсаты – қор тобының сегіз компаниясын шетелдік әріптестерімен сәйкестендіруге қол жеткізілген жоқ. 2020 және 2024 жылдар аралығында 23 компания белсенді болмаған. 2024 жылы 41 компанияның шығыны көп болған.
Анықталған заңбұзушылықтарды ескере отырып, мамандар қордың құрылымы мен менеджментіне түбегейлі өзгерістер енгізу қажеттігін атап өтті. Ал «Самұрық-Қазына» қоры ресми сайтында соңғы жылдары өз құрылымын оңтайландыру, процестерді цифрландыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізілгенін хабарлады. Ұсынылған материалда соңғы 10 жылда қордағы ұйымдардың саны 593-тен 327-ге дейін қысқарыпты. Белсенділігі төмен компаниялардың үлесін азайту жұмыстары жалғасуда.
Ресми сайт скрин:
Инвестициялық портфельде жалпы құны 53 трлн теңге болатын 130 жоба бар. Болашағы зор жобалардың жүзеге асырылу барысы бақылауға алынған.
Сонымен қатар қор көлік-логистика, энергетика, мұнай-газ және басқа да салалардағы әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруды жалғастыратындығын мәлімдеген. Бұл экономиканың дамуына және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді. Ең ірі мемлекеттік холдингтің қызметі ел экономикасына тікелей әсер етеді. Дұрыс басқармаған жағдайда тәуекел де жоғары.
Әнуар Нұртазин, экономист:
- «Самұрық-Қазына» қорының Қазақстанның стратегиялық активтерінің басым бөлігін бақылай отырып, жалпы ішкі өнімді өсіре алмай, инвестиция тарта алмай жатқаны әрине сенімсіздік тудырады. Меніңше, қазақстандықтар одан белгілі бір пайда алып отыратындай қарапайым акциялар жүйесі арқылы басқарылса жақсы болар еді.
Аудиторлар жалпы құны 352 миллион теңгеге жуық қаржылық заңбұзушылықтарды және 122 миллиард теңгенің тиімсіз пайдаланылығанын анықтаған. Сондай-ақ 119 жүйелік кемшіліктерді тіркепті. Кейбір материалдар құзырлы органдарға тапсырылған.
Ердәулет Ыбырайұлы, Мейрамбек Кайыркелды