Италиялық киім-кешек Қазақстанда тігіледі. Қос мемлекет кәсіпкерлері қатысқан инвестициялық форумда тиісті келіссөздер жүргізілді. Сонымен қатар еуропалық бизнесмендер елімізде репакинг, яғни қайта қаптау қызметтерін ашып, дайын өнімдерді экспорттамақ. Мұндай жобалар жаңа жұмыс орындарын ашып, экспорт көлемін арттыруға, логистиканы дамытуға мүмкіндік береді.
Отандық дизайнерлер үшін де жақсы жаңалық бар. Олар италиялық әріптестерімен ынтымақтасып, өз өнімдерін шетелдік нарыққа шығаруға мүмкіндік алады. Сондай-ақ кездесуде арнайы өнеркәсіптік хаб ашу мәселесі талқыланды. Бұл хабтың арқасында Қазақстан Еуропа, Орталық Азия мен Қытай арасындағы сауда платформасына айналады. Инвестициялық форумға 57 италиялық компания өкілі қатысты. Олардың Қазақстанмен жылдық сауда айналымы 1 млрд еуродан асып отыр.
Айман Тұрсынхан, Италия-Қазақстан сауда-өнеркәсіп палатасының өкілі:
- Біз «QazTrade» компаниясымен бұл бағыттағы жұмысты алдын ала бастап кеттік. Қазір итальяндық бренд компаниялармен бірлескен өндіріс ашуға дайын кәсіпкерлерді іздеп жатырмыз. Бұл әріптестікті жеке және мемлекеттік индустриалды аймақтар арқылы орнатуға болады.