«Солтүстік – Оңтүстік»: Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуеті артады

  • 5
  • 09.10.2026, 18:31

Қазақстан Орталық Азия, Еуропа мен Ресейді байланыстыратын көлік дәліздерін дамытуды жалғастырып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев теріскейдегі көрші мемлекетпен ынтымақтастық тұрғысынан «Солтүстік - Оңтүстік» бағыты да ел үшін өзекті екенін атап өтті. Бірнеше ел аумағын көктей өтіп, әлемдік мұхитқа шығатын дәліз тауар өндіруші мен тұтынушы арасындағы қашықтықты қысқартудан өзге, өңірдегі сауда айналамының да артуына оң септігін тигізеді.

«Солтүстік – Оңтүстік» дәлізі бірден бірқатар ел үшін тиімді болмақ. Сарапшылардың айтуынша, бағдар Ресей, Қазақстан, Әзербайжан, Түрікменстан және Иран арқылы өтіп, Үндістанмен байланысуы керек. Бұл  жүкті автомобиль, теміржол, теңіз арқылы жеткізуге мүмкіндік береді. Яғни солтүстіктен басталған бағыт Каспийдің мүмкіндігін де қамтуға тиіс. Мемлекет басшысы Қазақстан көлік инфрақұрылымын дәйекті түрде дамытып келе жатқанын айтып, аталмыш бағдардың маңыздылын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- «Мойынты – Қызылжар» және «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желілерінің құрылысы аяқталуға таяу. Келесі жылы «Бақты – Аягөз» бағыты ашылады. Бұл – өте маңызды, тіпті стратегиялық сипаты бар бағдарлар. Қытайды Каспий теңізімен және Еуропа нарығымен байланыстыратын Арал – Каспий магистралінің құрылысы басталды. Қазақстанның көлік инфрақұрылымын ауқымды түрде жаңғырту тұтас аймақтың транзиттік рөлін күшейте түсетініне сенімдімін. Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуға баса мән беріледі. Соңғы жылдардың динамикасы Орта дәлізге сұраныстың артып келе жатқанын көрсетеді. Ресеймен ынтымақтастық тұрғысынан «Солтүстік – Оңтүстік» бағыты да Қазақстан үшін өзекті. 

Дәліз Суэц арнасы арқылы өтетін теңіз жолының баламасы болады деп күтілуде. Ең бастысы, тауар жеткізу уақытын айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді.

Дидар Тебаев, Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы, ҚР ҰҒА Жас ғалымдар кеңесі төрағасының орынбасары:

- Біздің ел үшін ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді мақсатты көздейтін меже бар. Азаматтарымыз жаңа жұмыс орындары арқылы өмір сапасын арттыра алады. Яғни шикізат өндіріп қана қоймай, оны өңдеп қосылған құны жоғары тауар шығара аламыз. Сөйтіп Парсы шығанағы, Үнді мұхиты аумағына және Африкаға экспорттау мүмкіндігі туады.

Арман Ешмұратов, Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы:

- Оны бір жол деп айтуға болмайды, бұл – жолдар жүйесі. Оның құрамына теңіз көлігі, теміржол және автомобиль жолдары кіреді. Біз үшін ең маңыздысы – көлік-логистиканы дамыту. Бұдан әсіресе еліміздің батыс өңірлері пайда көре алады.

Тұтастай алғанда, еліміз транзиттік әлеуетін арттырып келеді. «Солтүстік – Оңтүстік» бағытынан өзге, Транскаспий халықаралық көлік бағдарының мүмкіндіктері кеңейіп келеді. Биылғы жылдың 8 айында осы бағытпен 44 мыңнан аса контейнер тасымалданған.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Мұхамбетәлі Тілдабев