Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы

Кәсіпкерлікті қолдау: салық реформасы мен тексеруге мораторий

  • 6
  • 29.10.2026, 18:21

Байларға салынатын салық бұған дейін сан мәрте көтеріліп жүрген базынадан енді нақты қадамға айналуы тиіс. Кеше жолдауда Мемлекет басшысы мәселе көтерді. Ал Үкімет бүгін оның тетіктерін талқыламаққа жиналды. Оның үстінде шағын және орта кәсіптің құлағын ұстаған ағайынның да құлағына алтын сырға. Енді 3 жыл бойы тексеруші органдар жылмаңдап келіп жағадан алғанды қояды. 

Берік Дүйсенбай, тілші:

-Халықаралық KPMG сарапшыларының зерттеуіне сәйкес, Қазақстандағы жалпы ұлттық байлықтың 50%-дан астамы халықтың 0,001%  бөлігінің қолына шоғырланған. Бұл $60,8 млрд долларға иелік етіп отырған 75 бизнесмен. Кестеге зер салайық. 

Елімізде 8 адамның байлығы 1 млрд доллардан жоғары. Бұл миллиардерлер клубы. Ізінше мультимиллионерлер. Байлығы 1 млн доллардан 1 млрд долларға дейін 67 бизнесмен бар. Бұдан кейінгі топқа теңге миллионерлерін қоюға болады. Бұл байлығы мен табысы 1 млн теңгеден 1 млрд теңгеге дейін жететін тұлғалар. Мұнан соң айлықпен өмір сүретіндер басталады. Елімізде 500 мың теңгеден миллионға дейін айлық алатындар саны 702 мың адам. Ал 2 млн 240 мыңдай адамның жалақысы 100 мыңнан 500 мыңға дейінгі аралықта. Айлық жалақысы 100 мың теңгеге де жетпейтіндердің саны елімізде 1 млн 800 мың адамға жуық екенін біліп жүрейік. 

Бұл әлеуметтік теңсіздік. Және аталған түйткілді президент соңғы бірнеше жылдан бері көтеріп келеді. Енді нақты тетік арқылы жағдайды реттейтін уақыт келді.

Бүгін Үкімет кешегі Президент Жолдауын нақты іске асыру жөнінде отырыс өткізіп, қайтпек керектіні талқыға салды. Енді Салық саясаты шеңберінде бизнес-қоғамдастықтың ұсыныстары негізінде Салық кодексіне ішінара өзгерістер пакеті қалыптастырылды. Ірі капитал иелері үшін жоғарылатылған мөлшерлеме енгізу мәселесі халықаралық тәжірибені ескере отырып қарастырылатын болады.

Әлемдік тәжірбиеде мысал көп, біз ең көп таралған тетік прогрессивті табыс салығын алсақ. Айталық Франция мен Германияда жылдық табысы 160 мың еуродан асқан адам 45пайыз салық төлейді. Дания мен Швецияда тиісінше 55 мың және 100 мың еуроға жетсе 52-56 пайыз салық төлейді. Ақшта жылдық табыс бойдақ адам үшін 640 мың доллардан, ал ерлі-зайыптылардың әрқайсының табысы 384 мың доллардан асса 37 пайыз салық төлейді.

Әлбетте біздің салықтық саясаттан дәл осы тектес тетіктер қолданыла ма, қолданылмай ма, жуырда білетін боламыз. Халықаралық тәжірибеде осындай практика бар екенін біле жүрсек деген мысал ғой бұл. Ал енді кешегі жолдауда президент жалпы микро және шағын кәсіпкерлікті тұқыртып отырған жөнсіз тексерулерді айрықша атап өткенін білеміз. Бүгін ол Үкіметтің назарында.

Азамат Әмрин, ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі:

-Құжатта ұзақ мерзімді қаржыландыру, технологиялық жаңғырту және әкімшілік қысымды төмендету тетіктері көрсетіледі. Құрылтай депутаттарымен бірлесіп, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап микро және шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге және профилактикалық бақылауға үш жылдық мораторий енгізу мәселесі қаралады.

Әлбетте кәсіпкерлерді тексеруге мораторий құрғақ қиялдан туған дүние емес қой. Есте болса, ковид кезеңінде 2020-2023 жылдар аралығында тексеріске 3 жылдық мораторий енгізілді. Яғни нәтижелі кейс бар.

Руслан Ибраев, Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы:

- Бұл жақсы нәтиже көрсетті. Кәсіпкерліктің қарқынды дамуына көмекші болды. Енді осы саясатты қайта қолдансақ деген нәрсе айтқан болатын. Кәсіпкерлік қай кезде дамиды, ол артық тексеріс болмаған кезде. Оның қызметіне байланысты артық кедергі болмаған кезде. Тексеріс көп деп шағымданып жатады.

Тағы бір маңызды мәселе. Цифрландыру технологиялары тіпті ауылдағы қарапайым азаматтардың да игілігіне айналуы тиіс.

Айталық, қазір елімізде ет қымбат. Ауылда оның өзіндік құны 3500 тг болса, ол қаладағы сөрелерге жеткенше 5 мыңнан асып жығылады. Себебі ортада делдал көп. Енді цифрлық платформалар жасалып, ауылдағы мал ұстаушылар ет сатылатыны туралы мәліметті соған жүктейді. Логистика оңтайландырылып, айталық бір көлік барып бір ауылдың етін жиып теріп қалаға жеткізеді. Сәйкесінше тасымал шығыны тым көп болмайды. Бұл қазір айтылып жатқан қарапайым ғана мысал. Ал жалпы алғанда.

Жаслан Мәдиев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі:

- Бүгінде 20-дан астам цифрлық платформа 500 мыңнан астам қазақстандықтың табыс табуына мүмкіндік беріп отыр. Алдағы уақытта ауыл тұрғындарының электронды саудаға қолжетімділігін кеңейту, логистикалық инфрақұрылымды дамыту, халықтың цифрлық дағдыларын жетілдіру және жұмыспен қамту жүйелерімен интеграцияланған қайта даярлау платформасын енгізу жоспарланып отыр.

Соңғы жеті жылда тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 1,5 есеге өсіп, олардың саны 2 млн-нан асып кетті, ал сектордың жалпы қосылған құндағы үлесі 2019 жылғы 31,7%-дан 2025 жылы 39,5%-ға дейін артты. Өндірілген өнім көлемі үш есеге ұлғайып, 96 трлн теңгеге жетті. Секторда жұмыспен қамтылғандар саны 3,3 млн адамнан 4,5 млн адамға дейін өсті.

Ендігіде осы бір өсім тенденциясын тексеріспен тұншықтырмай, керісінше кәсіптегі ағайынның еңсесін тіктеуіне жол ашу керек дегенге саяды айтылған жайлар. Үкімет отырысында премьер-министр атап өткендей халықтық құрылыс бағдарламасы экономиканың барлық саласына түбегейлі инфрақұрылымдық өзгерістер алып келеді. Жалпыхалықтық жоба жұмыспен қамту деңгейін арттырып, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға үлкен серпін береді. Ал бұл ретте кәсіпкерліктің рөлін айтудың өзі артық.