«Самұрық-Қазына» отандық кәсіпкерлерді қолдаудың ІІ форумын өткізді
«Samruk Business Forum» отандық кәсіпкерлерді қолдаудың екінші форумында аталған жобаны қор басшысы Президентке таныстырды. Осы ретте қор жергілікті атқарушы органдармен бірлесе өндірген тауарын өткізе алмай жүрген кәсіпорындардың тізімін жасамақ.
Сондай-ақ ұлттық әл-ауқат қоры сатып алу жүйесін жетілдіру бойынша тұтас шаралар кешенін қабылдады. Ұзақ мерзімді off-take келісімшарттар жасалып, соның арқасында екі мыңнан астам жұмыс орны ашылды.
Қордың көздеген мақсаты – отандық бизнесті қолдай отырып импортты алмастыру. 2018 жылдан бастап «Самұрық-Қазына» импортты алмастыру бағдарламасын іске асырып келеді. Оның аясында қор Қазақстанда баламасы жоқ жаңа өндірістермен ұзақ мерзімді off-take шарттар жасай отырып, олардың өнімін сатып алуға кепілдік береді.
Ахметжан Есімов, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарма Төрағасы:
- Қазіргі таңда импортты алмастыру бағдарламасы аясында инвестиция көлемі 218 млрд теңгенің 42 жобасы мақұлданды. Құны 27 млрд теңге болатын шарттарға қол қойылды, 2000-нан астам жұмыс орны құрылды. Импортты алмастыратын өнім шығаруды жолға қойған кәсіпорындар бюджетке 18 млрд теңгеден астам салық төледі.
Қор бір көзден сатып алу көлемін бес есе қысқартты. Осылайша, бәсекелестік орта кеңейді. Сатып алу жүйесін жетілдіру жөніндегі шаралар 280 мың адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік берді. Қордың тапсырыстары есебінен салық төлемдерінің көлемі шамамен 170 млрд теңгеге жетті. Сатып алу саласын барынша ашық ету – Президент жүктеген міндет. Бұл ретте ең тиімдісі – цифрландыру. «Самұрық-Қазына» сандық форматқа көшуде де сан соғып қалған жоқ.
Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қазақстанда корпоративтік саясат деңгейіндегі off-take стратегияның алғашқы қарлығашы әрі, өкінішке қарай, әзірге жалғыз қолданушысы «Самұрық-Қазына» қоры болып отыр. Қор бұл құралды Қазақстанда бұрын өндірілмеген тауарлардың өндірісін ынталандыра отырып, отандық өнімнің түр-түрін кеңейту үшін пайдаланады.
Тұралап қалған өндірістерді қолдау бойынша қор жаңа жобаны Президентке таныстырды. Бұл ретте қор жергілікті атқарушы органдармен бірлесе өндірген тауарын өткізе алмай жүрген кәсіпорындардың тізімін жасамақ. Бұл әдіс бойынша 37 кәсіпорынға жасалған алдын ала талдау 1900 жұмыс орны қайта қалпына келіп, жаңа 780 жұмыс орны құрылатынын көрсетіп отыр.
Авторы: Гүлжан Марқабаева