4 пайыздық автонесие. Үкімет неге уәдеден тайды?
Үкімет жеңілдетілген автонесие бағдарламасын неге тоқтатты? Бұл сұрақтың жауабын тілшіміз тарқатып көрген еді.
Атышулы РОП операторы шотындағы ақшаның тең жартысы 4 процентпен автокөлік рәсімдеуге беріледі деп сүйіншілегелі бір-ақ жыл өтті. Біздің алысқа шабатын үкімет бұл бағдарламаны 30 жылға жоспарлап, 60 мың қазақстандықты Қазақстанда құрастырылған көлікпен қамтимыз деген. Жоспар жыл өтпей жатып жолдан тайды. Индустрия министрлігі: «Осы аптада аяқ асты ескірген автобустарды еске алып, револьверлік негізде жиылған қаржыға автобус сатып аламыз», - деп мәлімдеді.
Марат Қарабаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
- Мысалы, өңірлерді араладық, бүкіл әкімдік көтеріп отырған мәселе – қоғамдық автобустардың тозғандығы туралы. Соларды жаңғыртуға бағыттаймыз ба деп отырмыз, қазіргі күнде револьверлік келген ақша - 4 млрд.
Осылайша келесі траншты тағатсыз күтіп, көлік кезегінде тұрғандардың үміті су сепкендей басылды.
БЛИЦ:
- Кезекте тұрғандар - қолдары жетпей кетті қаншама адамдар.
- Я тоже под 4 процента не успел, хотел, но я не успел за 18 секунд.
- Тоқтатқаны халыққа қиын ғой, автобусқа бөлек ақша бөлінбей ме, халықтан түсіп жатыр ғой 90 теңгеден, 4 процент халыққа керек қой.
- Бірақ тоқтағанда дұрыс шығар, оны алу қиын еді ғой, біздер бір екі рет барып көргенбіз, сосын қоя салдық, ескі көлікпен жүре тұрайық, жетпейді бәрібір.
Осылайша халық опық жеп отыр. Ал, әп дегеннен бұл бағдарламаның баянды болмасын болжағандардың бірі экономист Мақсат Халық болатын.
Мақсат Халық, экономист:
- О бастан өзім қарсы болдым. Кейін револьвер болады, сол жақтан ақша жиналады, сол қаражатты береміз деді, ал ол жақтан қаражат өте күлкілі, пайыздар ол түсіп болғанша қай заман, ешқандай логикаға негізделмеген бағдарлама. Сондықтан бұл программаның тоқтап жатқаны қалыпты, күтілген дүние болды.
Жалпы бізде 4 проценттік автокредит жобасы 2015-те басталған. Қаржыландыру лимиті ол кезде 82 млрд теңге болды. 5 жылда револьверлік негізде қайтарылған ақшаны қоса есептегенде 159 млрд теңге көлемінде несие беріліп, 80 мыңнан астам жан жаңа автомобиль мінген.
Ал 2022-де жеңілдетілген несиемен көлік алуға 35 мыңнан астам адам өтініш берген. Оның 14 мыңнан астамы мақұлданды. Сұраныстың көптігі сонша, қаржы лимиті екі айда таусылды.
Келесі кезеңіне өтініштер биыл ақпанда арнайы платформа арқылы қабылданып, лимит 18 секундта тәмам болып, таңдай қақтырған.
Сонымен бір жылда 12 мың 702 жаңа көлік жеңіл несиемен рәсімделді. Ал кредиттен қайтқан қаржыға 640 азамат машина алған. Министрліктің өз шешімін өзгертуіне сонда не себеп, тағы сұрадық.
Ілияс Оспанов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары:
- Әрине, өкінішке қарай не қалай болатынын алдын ала білетін болсақ, ондай болмаушы еді. Базалық мөлшерлеме өсіп кетті, сұраныс жоғарылап кетті. Шектеулер болмады, тым қолжетімді болып кетті бір сөзбен айтқанда.
Министрлікке автобус жаңарту туралы ұсынысты жоба операторы өнеркәсіпті дамыту қоры ұсынған. Себебі нарықты көлікпен толық қамтамасыз ету орындалмайтын арман, оған жуық арада қауқарымыз жетпейді деп отыр.
Ринат Гаппаров, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
- Бұл қаражатты автобус алуға жұмсайтын болсақ. Бір айда елімізде 20 жаңа қоғамдық көлік сатып алынады. Ал ол 20 автобусқа орта есеппен 15 мың адам мінеді. Сонда 120 адамға көлік бергеннен 15 мың халықты жайлы автобусқа отырғызған әлдеқайда тиімдірек болып тұр.
Ал қазақстандық көлік құрастыратын зауыт өкілдері болса, бұл жаңалыққа аң-таң. Біз қанша көлік сұраса, сонша құрастырып беруге әзір едік деп шыр-пыр.
Бекнұр Несіпбаев, Көлік шығаратын компанияның бас директоры:
- 2 зауыт бар, әлемнің 17 автокөлік брендін шығарамыз, былтыр 100 мыңнан астам машина құрастырылды. Былтыр сатылым бойынша әжептәуір өсім де байқалды.
«Қазавтопром» өкілдері керісінше отандық нарыққа бәсекелестіктің жетіспей отырғанын айтады. Машина жасау ісіне инвесторларды тарту үшін қолда бар тиімді бағдарламаны жаппай, талапты төмендету керек деп отыр.
Әділбек Орымбаев, «Қазавтопром» ЗТБ мемлекеттік дамыту бойынша директоры:
- Активтері 135 млн доллар болуы керек, жылына 25 мың көлік шығаруы керек, бұл тым жоғары талап. Тиісті ақша сомасын азайту керек.
Автобусқа алаңдайтындай негіз бар ма? Бар дейді Индустрия министрлігі. Олардың айтуынша 10 мың 525 қоғамдық көлік қазір жолда жүр, оның 45 проценті, яғни жартысына жуығы әбден ескірген. Әсіресе Қостанай, Ақтөбе, Талдықорғандағы автобустардың тозығы жеткен, істен шығуға шақ. Автобус парктері, әрине, 4 пайыздық несиелеу бағдарламасына қуанбаса, қарсы емес.
Біржан Шымшықов, автобус паркі директоры:
- Сары пазиктер тұр, бәрі списаниеге кетті, қазір қалмады, 11 пазикті списать етіп тастадық. Биыл қаңтардан бастап субсидия алып жатырмыз, соның арқасында бүкіл жүргізуші айлық алып отыр, соляркасын, қосалқы бөлшегін, бәрін өзіміз алып береміз.
Жеңіл көлікке берілетін 4 проценттік несие бағдарламасын әу бастан қолдамаған экономист Мақсат Халық автобустарға бөлінетін ақшаны да қадағалау керек деп отыр.
Мақсат Халық, экономист:
- Қоғамдық көліктердің де жаңарғаны маңызды, ол жақта да ә түрлі қаржы операциялары болуы мүмкін, бұл қаражат ағыны бақылауда болуы керек. Біз барлығымыз білеміз, бізде шикізат болғанмен, ол шетелге кетеді, ол осы жаққа бөлшектермен жеткізіледі де, құрастырылып, Қазақстанда жасалған дейтін жарты өндірістікті процесті қолдау қаншалықты дұрыс?! Қызығушылық тараптар болған, лобби болған деп айтуға да негіз бар.
Жалпы елімізде автобустарды жаңарту бойынша лизингтік қаржыландыру бағдарламасы бұрыннан бар. Өнеркәсіпті дамыту қоры оның аясында соңғы 5 жылда 4 мыңға жуық автобус сатып алынғанын айтады.
Бүгіндері халықтың дені жапа тармағай автобус мінеді. Бүкіл сапардың 67 пайызы қоғамдық көліктерге тиесілі. Индустрия министрлігі күніне автобустарға 9 млн 200 мың жолаушы отырады деген есеп те жасап қойыпты. Ай сайын револьверлік негізде 1 млрд 200 мың теңге қайтып отырады, сол ақша жиылып, бір жылда 700 жаңа автобус алынбақ. Алдағы 5 жыл ішінде автопарк толық жаңартылады деген жаңа уәде берді министрлік.
Елімізде мемлекет үлесі бар 10 автобус паркі болса, оның алтауын 2025 жылға дейін жекеменшікке беру жоспарланған. Жеке банк пен жекеменшік компанияға қаржы салуды тоқтату керектігін айтқан депутаттар автонесие бағдарламасының кілт тоқтатылуына қарсы.
Ержан Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- 4 пайызбен автонесие беруді жалғастырып, осы мақсаттарға утильалымның пайдаланылмаған қаражаттарын қосымша бөлу қажет.
Сауал көп. Жауап жауыр. Елімізде 4 млнға жуық жеңіл көлік болса, соның тең жартысы 20 жылдан артық жүрген, яғни ескі. Оларды жаңарту жоспары аяқталмай жатып, автобусқа ауыз салған министрлік алдағы 2 айда автобус несиесінің механизмін әзірлеумен айналысады. Бірақ оның да баянды болмасына ешкім кепілдік бере алмайды. Одан кейінгі министрліктің уәжі мен келесі мәлімдемесін елестету қиын, тіпті күлкілі.
Индира Жылқайдарова, Қанат Әбілдин, «7 күн»