Ауыл шаруашылығында қандай мәселелер бар?
Қазақстанның Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналуына толық мүмкіндігі бар. Ол үшін отандық агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасау керек. Бұл туралы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті Жолдауында айтты. Мемлекет басшысы сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор екенін тілге тиек етіп, біз қолда бар мүмкіндіктерді толық пайдаланбай отырғанымызды жеткізді. Ауыл шаруашылығында қандай мәселелер бар? Оларды шешу үшін қандай міндеттер жүктелді?
Қазақстан аграрлық хабқа айналуы үшін жоғары өнім беретін тұқым сұрыптарын көбейтіп, дәнді дақылдарды терең өңдейтін жоғары технологиялы кәсіпорындар желісі қажет. Қызылорда облысында өсірілетін органикалық таза күріш, бау-бақша өнімдерінің көлемін судың тапшылығына қарамастан, бірнеше есе артыруға болады.
Самалбек Қосанов, «Қазақ күріш шаруашылығы» ҒЗИ басқарма төрағасы:
- Үлкен ғылыми орталықтар Алматы мен Астанада орналасқан. Ал шеткі периферияда орналасқан өңірлер үшін бұл өте қиындық тудырады. Мен мысалы, Алматыға барып-келіп молекулалық селекциямен айналысу маған қиын. Сондықтан агроинновацияларды жергілікті жерлерге бөлсе, яғни селекционерлердің жұмысын 4-5 жылға қысқарту үшін заманауи зертханалар қажет.
Президент алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70% жеткізу керек деген нақты міндет қойды. Тапсырма орындалып, егінді жайқалту үшін ғылымнан бөлек жеткілікті мөлшерде су керек. Трансшекаралық су көздеріне тәуелді елімізде 2040 жылдарға қарай тіршілік нәріне тапшылық деңгейі 12-15 млрд текше метрге жетуі мүмкін. Гидрологтар бұл мәселелерді дербес министрлік оңтайлы шешіп береді деген үмітте.
Шынболат Ермағанбетов, «Қазсушар» РМК облыстық филиалының бас гидротехнигі:
- Облыс әкімдігі ұсынып отыр 847 км каналмен қоса 30 су қоймасын алыңдар біздің теңгерімге деп. Біз теңгерімге қуанышпен алар едік. Олардың бәрі бір-бірімен байланысты каналдар. Бірақ бізге мынаны күтіп-ұстауға қаражат бөлмей тұр қазіргі таңда. Осылардың бәрін бір мекемеге, Су ресурстары және ирригация министрілігіне беріп, соның құрамында осылай істейтін болсақ, онда шаруа басқа болатын еді.
Ауыл шаруашылығы өнімінің түсімі суға ғана емес, техникаға да байланысты. Мәселен, Астықты өңір Қостанай облысында ауыл шараушылық техникаларының дені ескі. Нақты айтсақ, трактор, комбайндардың 76% пайдаланылған мерзімі 10 жылдан асқан.
Владимир Семейкин, шаруа қожалығының басшысы:
- Аталған мәселе өте өзекті. Біздің шаруашылықта бар техника жыл 12 ай жұмыс істейді. Қанша күтіп ұстасаң да темір тозбай тұрмайды. Ал жаңасын алуға шама-шарқымыз жете бермейді. Сондықтан мемлекет басшысының талабын қуана қабылдадық. Яғни мемлекет техниканы жаңартуға қолдау көрсетеді деп түсінем.
Сондай-ақ агроғылымды дамыту және ең бастысы оны ауыл шаруашылығында іс жүзінде қолдану үшін шаралар қабылдау міндеті жүктелді. Бұл ауыл тынысын кеңейтіп, ел экономикасын өркендетуге сеп болмақ.
Авторлары: Қамбар Бекенов, Айтмұхамбет Бәйділдаев