Хабар телеарнасы

Бағаны ұстап тұру үшін аймақтардағы тұрақтандыру қорларынан өнімдер алу басталды

13 мың тонна. Аймақтардағы тұрақтандыру қорларынан бүгінге дейін осынша өнім сатылымға шығарылған. Бұл жаңа жыл қарсаңында азық-түлік бағасын ұстап тұру үшін де маңызды. Жауапты сала басшылары баға нарығын талқылады. Қазір елімізде отандық тауарлар үлесі қанша? Қай өнімдердің импорты төмендеді? 

Үкіметтегі кеңесте алдымен инфляция қорытындылары қаралды. Нарықтағы сұранысқа сай өнім шығару, бағаны тізгіндеу үшін бұл аса маңызды. Ресми дерекке сай қараша айында азық-түлік емес тауарлардың бағасы 0,7%, ақылы қызметтердің құны – 0,8%, азық-түлік өнімдері – 1,1% өскен. Міне, осы дерекке сай тұрақтандыру қорларынан қажетінше өнім алынуда. Оның үстіне жаңа жыл мерекесі жақындап қалды. Тауарларға сұраныс артады.

Азық-түлік инфляциясын тежеу үшін аймақтарда көкөніс қорлары пайдаланыла бастады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 159,6 мың тонна көкөніс қорының қазір 13,4 мың тоннасы сатылды. Оның жартысынан астамы – картоп. Нақтырақ айтсақ 7,2 мың тонна. Сәбіз бен пияз – 2 мың тоннадан шығарылған. Қырыққабаттың 1,7 мың тоннасы сатылыпты.

Бұл – отандық өнімдер. Мәселен, Алматы облысы Шеңгелді ауылдық округінің шаруалары биыл 500 гектар жерге пияз еккен. Алған өнімінің 5 мың тоннасын өңірдегі ірі сауда орындарына, ал 1 мың 700 тонна пиязды тұрақтандыру қорына өткізген.

Ақжол Чумаев, қойма меңгерушісі:

- Міне, жұмыс жүріп жатыр. Былтыр мысалы, 3 мың тонна лақтырдық. 100 га еккенбіз, 60-тан алғанбыз. Биыл гектарына 48 тоннадан алдық. Енді Құдайға шүкір.

Азық-түліктің 80 пайызын отандық өндірушілер ұсынып отыр. Қазір тек 5 тауар бойынша импортқа тәуелділік бар. Олар қант, ірімшік, құс еті, шұжық және балық өнімдері.

Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:

- Азық-түлік қауіпсіздігін қамту – ауқымды жұмыс. Оның ішінде өндірумен қатар өңдеу де бар. Сақтау жағы да назардан тыс қалмағаны абзал. Сол үшін биыл елімізде 14 көкөніс қоймасы іске қосылыпты. Алдағы екі жылда осындай тағы 92-сін салу жоспарланған.

Ердәулет Ыбырайұлы, Айбын Құсанбеков