Хабар телеарнасы

Жетісу облысында қар көшкіні қаупі сақталып тұр

Биыл Жетісу облысының тауына қар былтырғыға қарағанда 10-15 пайыз қалың түсті. Сондықтан кей жерлерде қар көшкіні жүру қауіпі бар. Осыған байланысты өңірдегі Төтенше жағдай департаменті мен «Қазселденқорғау» мекемесінің қызметкерлері аталған аумақтарды тексеріп, қадағалауды бастады.

Арнайы құрылған жұмыс тобы таулы аймақтағы қардың қалыңдығын өлшеп жатыр. Олар ақ ұлпаның тығыздығын және кристалдануын анықтайды. Соған қарап қауіптілік деңгейін бағамдайды. Жетісу облысында 61 қауіпті аймақ анықталған. Оның басым бөлігі Текелі қаласындағы Жетісу Алатауының сілемдерінде орналасқан. Көрікті мекен тынығуға қолайлы болғанымен сақтықты қажет ететінін жергілікті тұрғындар жақсы біледі.  

Виктор Бакуленко, Текелі қаласының тұрғыны:

- Бұл жерде қар көшкіні негізінінен топырақты болады. Ал төменгі жақта қардың өзі ғана сырғып түседі. Сондықтан бұрындары шахтерлар жарылыс жасап, қар көшкінінің алдын алатын. Әрине, бұл аймақ қауіпті, сол себепті абайлап жүру керек.

Текелінің тауларында талай жыл бойы қорғасын өндірілген. Сондықтан күн күрт жылыса, қармен қатар лай көшкіні де болуы мүмкін. Қауіптілігін ескерген сала мамандары көктемгі су тасқынының алдын алуға арналған оқу жаттығуын осы жерде өткізеді.

Ринат Тазабеков, облыстық ТЖД басқарма бастығы:

- Облыс бойынша 47 су тасқынына бейім елді мекен бар. 2024 жылы соның 10 елді мекенінде алдын алу су тасқынына қарсы шаралар атқарылып қауіп төмендетілді. Сонымен қатар екі елді мекен бойынша жобалар әзірленіп, жұмыстар ағымдағы жылы жүргізілетін болады.

Таудағы ақ ұлпа алдағы уақытта тағы қалыңдай түспек. Себебі таяуда қар жауып, күн суытады,- дейді синоптиктер. 

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев, Олжас Байбосын