Хабар телеарнасы

Павлодар облысында ит жүгіртіп, құс салған азаматтар қатары артып келеді

Павлодар облысында ит жүгіртіп, құс салуға ден қойған азаматтар қатары артып келеді. Облыс орталығында тұратын Дәурен Көптілеуов тазы асырайды. Мақсатым - ежелден келе жатқан көне дәстүрді қайта жаңғыртып, текті иттің тұқымын көбейту,- дейді ол. Екі тазысы республикалық және халықаралық деңгейде ұйымдастырылған жарыстарда жеті мәрте чемпион атаныпты.

Дәурен Көптілеуов алты тазы асырап отыр. Жүйрік жануарды қала ішінде  ұстау оңай  емес. Сондықтан аптасына екі рет жазық далаға шығарып, 15-20 шақырымға жүгіртіп алады. Аңға салып,  түрлі жарыстарға да апарады.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Бұл – көктұйғын аңға түсіп жүрген тазы. Оны мына бетіндегі тыртықтарынан-ақ білуге болады. Осы уақытқа дейін ұсақ аңдардың бірталайын алған екен. Иесінің айтуынша, тек қасқырға түспепті. Сәтін салып жатса қасқыр алып қалуы да ғажап емес.

Көктұйғынның жасы төртте. Ол осыдан үш жыл бұрын Баянауылда аңшылық өнердің үздігі - Мәуия Әбікеевті еске алуға арналған шырға тартуда бас жүлдені жеңіп алған болатын. Одан кейін де бірталай жарыстарға қатысты. Жүлдесіз қайтқан жоқ. Дәурен Көптілеуовтің тазы асырай бастағанына 15 жылдай болған. Алғашқы аңшы итті әкесінің досы сыйға тартқан екен.

Қазақ ит деуге қимай жеті қазынаның бірі санайтын құмай тазысын күшігінен баптайды. Дәуреннің қолындағы алты тазының үшеуі жетістіктерімен қуантып жүр. Олардың орнын басатын күшіктерін үйретуден жалықпайды.

Дәурен  Көптілеуов, тазы баптаушы:

- Томпақ деген арлан тазым бар, жасы төртте. Қазақстан чемпионы, жеті рет орын алды Қазақстан бойынша. Шырғадан да жетістіктері бар. Орындар алып жүрді. Осы халықаралық турнирлерде орын алдық. Содан кейін тағы да көктұйғын деген тазым бар. Ол бірнеше рет осы Павлодар облысында бірінші орын шырға тарту жарысынан ұтып жүрді.

Арнайы ұйымдастырылатын тазылар көрмесінде көктұйғын мен томпаққа сарапшылар жоғары баға беріпті. Онда иттердің ұшқырлығы, қанының тазалығы мен сұлулығы сынға түскен. Жалпы, Павлодар облысы бойынша 200-ге тарта тазы жанашырлары  бар.

Авторлар: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков.