Хабар телеарнасы

Қазақстандағы ұшақтар қаншалықты қауіпсіз?

Әлемде ұшақ апаты жиілеп кетті. Салдарынан адам шығыны көп, - дейді мамандар. Мәселен, биыл оқыс жағдайдан опат болғандар саны  - 117.

АҚШ-тың көлік қауіпсіздігі жөніндегі ұлттық кеңесінің дерегінше, қаңтарда 10 әуе кемесі, ал ақпанда 3 ұшақ апатқа ұшыраған. Ал қазақстандық 6 әуе компаниясындағы ұшақтардың қауіпсіздігі қаншалықты әлемдік стандарттарға сай келеді? Елімізде қызмет ететін ұшқыштар мен авиация мамандары қайдан білім алады? 

Соңғы екі айда әлемдік авиация саласында он жылда болмаған ұшақ апаты орын алды. Былтыр 25 желтоқсанда Ақтау маңында Azerbaijan Airlines әуе компаниясының ұшағы құлады. Ішіндегі 67 жолаушының, тек 29-ы аман қалды. Ал төрт күннен кейін Оңтүстік Кореяда ең ауыр әуе апаты орын алып, 175 адам қаза тапты. Сонымен қатар АҚШ, Еуропа, Азия және Африка аймақтарында да ұшақ оқиғалары тіркеліп отыр. Ал Халықаралық азаматтық авиация ұйымы Қазақстандағы ұшу қауіпсіздігінің көрсеткішін 82%-ке бағалады. Сарапшылардың айтуынша, тексерістердің өз уақытында өтуі маңызды. 

Аслан Сатжанов, «Қазақстан авиациялық әкімшілігі» АҚ Ұшуға жарамдылық департаментінің директоры:

- Техникалық бақылау формалары А,В,С, Д деп бөлінеді. Көп қолданылатын формасы А,С. А техникалық формасы әрбір 400-600 сағат сайын немесе 2-3 айда бір рет қолданылады. Әуе кемелерді тексеру көбінесе Қазақстанда өтеді. Шетелде де өтетін уақыттар болады. Өткен жылы ұшуға жарамсыз деп 4 әуекемесі шығарылды. Оның 3-еуі тікұшақ, біреуі ұшақ. Орташа жасы 45-ті құрайды.

Дегенмен Қазақстандық әуе компанияларының қауіпсіздігіне қатысты мәселе 16 жыл бұрын көтерілген. Халықаралық азаматтық авиация ұйымы отандық әуе тасымалдаушылардың қауіпсіздік деңгейін төмен деп бағалап, оларды Еуропаға ұшуға шектеген. 2016 жылы тек бір ғана отандық әуе компания «қара тізімнен» шығарылды. Ал 3 жыл өткеннен кейін Қазақстанның барлық әуе компаниялары Еуропа әуе кеңістігінде ұшуға рұқсат алды.

Салада 20 жылдық тәжірибесі бар Мохаммед Амраның айтуынша, соңғы жылдары ғана Қазақстанның әуе паркіндегі ұшақтардың қауіпсіздігі едәуір жақсарған.

Мохаммед Амра, Қазақстан әуе компаниясының техникалық директоры: 

Қазақстандағы ұшақтардың ұшу алдындағы тексеріс Халықаралық азаматтық авиация ұйымы мен Еуропалық авиация қауіпсіздігі агенттігінің талаптарына сай жүргізіледі. Бірінші инженер-механиктер ұшақ корпусының, қанаттарының, қозғалтқыштарын тексереді. Жанармайдың жеткілікті деңгейін және ағып кету қаупі жоқтығына көз жеткізеді. Тежегіштер мен басқару жүйелерінің дұрыс жұмыс істеуін бақылау, қону және ұшу шамдарын, навигациялық жүйелерді қарап шығу өте маңызды.

Қазақстанда авиация қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ұшқыштар мен бортсеріктер ұшақтың ішкі бөлігін жан-жақты тексереді. Олар жолаушылардың құжаттарын, қауіпсіздік жүйелерін, апаттық шығу есіктері мен оттегі маскаларын мұқият бақылап отырады. 

Бақтияр Тұрарбеков, Қазақстан әуе компаниясының ұшқышы: 

- Медициналық тексеруден өткеннен кейін әрбір ұшқыш өз міндеттерін орындауға кіріседі. Біздің қазақстандық авиацияның қауіпсіздігі сөзсіз жоғары деңгейде. Себебі әрбір әуе кемесінің жүргізушісі жарты жылда бір рет арнайы сынақтан өтеді. 

Қазір авиация саласында 23 мыңға жуық маман жұмыс істейді. Бір жарым мың ұшқыш қызмет етеді. Оның 300-і шетелдік азамат. Жауапты министрліктің мәліметінше, жыл сайын 600-ге жуық жаңа маман қажет. 

Дегенмен елімізде жалғыз болашақ ұшқыштар мен авиация мамандарын кәсіби деңгейде даярлайтын оқу ордасы бар. Ол – «Азаматтық авиация академиясы».

Талаптың тұлпарын мініп жүргендердің бірі 18 жастағы Ілияс Үсенбай әуе кемесін басқарушы маман болмақ. 

Ілияс Үстенбай,  Азаматтық авиация академиясының студенті:

- Ең алдымен психологиялық және физикалық дайындық. Екіншіден, денсаулық. Себебі жыл сайын денсаулық тексерістері болады. Қан қысымы, көздің көру қабілеті, есту қабілеті ұшқыш үшін өте маңызды. Тағы бір талаптардың бірі - ағылшын тілі. 

Бекен Сейдахметов, Азаматтық авиация академиясының ректоры:

- Дүниежүзілік ортақ стандартқа келетін ұшқыштарды дайындау модулі бар. Одан өту өте қиын. Статистикамыз бойынша 20-30 пайыз студенттер ол дисциплинаның сабағын меңгере алмай қалады. Оларға мүмкіндік тағы беріледі. 

30 жыл ішінде авиация академиясынан 12 мың маман білім алған. Оның 80%-і әуе саласында қызмет етеді. Одан бөлек елімізде мамандарды даярлайтын 21 оқу орталығы мен авиациялық кәсіпорындар бар. 

Диана Қадыр, тілші: 

- Қазақстандық әуе компаниялар жыл сайын 10-15 жаңа заманауи әуекемесін сатып алады. Қазір еліміздің әуепаркінде 104 ұшақ бар. Жауаптылардың айтуынша, жыл соңына дейін  тағы 14-ін сатып алу жоспарда.

Диана Қадыр, Дархан Кунтуов