Ақмола облысынағы спорт кешенінің құрылысы 4 жылға созылып кетті
Ақмола облысына қарасты Жақсы ауылындағы спорт кешенінің құрылысы 4 жылға созылып кетті. Жаңа нысан 2022 жылы пайдалануға берілуі тиіс еді.
Абзал Азаматұлы, тілші:
- «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша салынып жатқан спорт нысанының құрылысы 2021 жылы басталған. Бір жылдың көлемінде барлық жұмыс аяқталуы тиіс еді. Бірақ құрылыс жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.
Спорт нысанының құрылысы басталғанда жергілікті халықтың қуанғаны рас. Алайда қуаныш ұзаққа созылмапты. Өйткені жауаптылар «жылда тапсырамыз» деген құрғақ уәдеге тойдырып келеді,-дейді тұрғындар.
Жанна Мусина, Жақсы ауылының тұрғыны:
- Салынатын кезде қуандық бәріміз. Күттік енді. Әлі күтіп жатырмыз, күтіп жатырмыз. Енді осы жылы ашады деп жатқан.
Мынау жыр болған құрылыстың қазіргі көрінісі. Нысанның сырты дайын болмағанымен, іші астан-кестен. Әрлеу жұмыстары да әлі басталмапты. Алғашында жұмыстың тұралап қалуына материалдардың күрт қымбаттауы, кейін қаржы жетіспеушілігі себеп болды,-дейді жауаптылар.
Дәулет Қосшығұлов, Жақсы аудандық құрылыс бөлімінің басшысы:
- Шамамен 606 млн теңге республикалық қазынадан бөлінді. Ал қалған қаржы облыстық бюджеттен қарастырылды. Оның үстіне жоба қымбаттап кетті. Аймақта құрылыс нысандары көп қой. Сондықтан қаржыландыруға қатысты мәселелер туындады.
Өңірде осындай «сақалды» құрылыстар көбеймесе, азаймай тұр. Оның дені әлеуметтік нысандар.
Жанат Тұралинов, облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы:
- 2024 жылы біз бақылауға алған 15 сақалды құрылыстың алтауы пайдалануға берілді. Бірақ биыл тағы 9 жоба қосылды. Қазір біз жергілікті билік өкілдерімен арнайы жоспар құрып, мәселені бірлесіп шешуді қолға алдық.
Қазір Щучинск қаласы мен Красный Яр ауылында да жаңа спорт кешені салынып жатыр. Олардың құрылысы қашан аяқталары белгісіз. Кестеден кешігіп жатыр. Ал Жақсы ауылындағы спорт кешені осы жылдың мамыр айында ел игілігіне беріледі деп жоспарланған.
Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный