Астанада «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы өтті
Шара еліміздің көрнекті қаламгері Жұмекен Нәжімеденовтың шығармашылығына арналды.
Еліміздің Әнұранын 21 жасында жазған ақынның мұрасы ұрпақтан ұрпаққа жетіп келеді. Ол аз ғұмырында бірнеше поэма, повесть, роман жазып, 9 күй қалдырған. Оның жырлары бірнеше тілге аударылған. Қазақ әдебиетінде өшпес із қалдырған Жұмекен Нәжімеденовтің шығармашылығына арналған кітап көрмесі, әдеби оқулар ұйымдастырылды. Көрме жыл соңына дейін ашық болады.
Сондай-ақ Жұмекентанушы Амангелді Кеңшілікұлы «Жұмекеннің жұмбағы» атты ашық әдеби лекциясын оқыды.
Амангелді Кеңшілікұлы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, әдебиет сыншысы:
- Абайдан кейін қазақ поэзиясын тереңдеткен, оның танымын кеңейте түскен үлкен ақындарымыздың бірі - ол сөз жоқ Жұмекен Нәжімеденов. Оның алғаш шыққан «Балауса» деген жыр жинағының өзі ойының тосындығымен, тереңдігімен ерекшеленген болатын. 50 жасқа дейін 7 том мұра қалдырды. Мына 90 жылдықтан бастап өз басым Жұмекен дәуірі басталады деп ойлаймын.