Қаһарман Қошқарбаевтың ерлігіне биыл – 80 жыл. 1945 жылдың 30 сәуірінде ол Григорий Булатовпен бірге Рейхстагқа ту тіккен. Жанқиярлық ерлігі арқылы олар Отан үшін отқа түскендер күймейтінін дәлелдеп кетті. Алайда батырдың көзі тірісінде бұл ерлік лайықты бағасын алған жоқ. Кеңес Одағының Батыры атағының орнына оған тек Қызыл Ту ордені табысталды. «Халық қаһарманы» атағы Рақымжан Қошқарбаевқа қайтыс болғаннан кейін ғана берілді.
Берлин үшін шайқаста Рақымжан Қошқарбаев взводымен алғы шепте болды. Олар алдымен Корольдік алаң мен «Гиммлер үйіне» жетті. Осы жерден лейтенант Қошқарбаевқа Рейхстагқа Қызыл туды тігу жөнінде бұйрық берілді. «Гиммлер үйінен» Рейхстагқа дейінгі 360 метрлік ашық алаңды кесіп өту оңай болған жоқ, жау жан-жақтан оқ жаудырды. Қанды қашықтықты Қошқарбаев жауынгерлерімен бірге 7 сағатта еңбектеп жүріп өтті.
Рақымжан Қошқарбаев, Халық қаһарманы:
- Шынымды айтсам, мен тірі қаламын деп ешқашан ойлаған емеспін. Біз Рейхстагқа таяп келген кезде мен жалаудың төменгі бұрышын жайып, оған біздің бөлімшенің нөмірін — 674-ші атқыштар полкін жазып қойдым. Біз өзіміздің тегімізді де жаздық. Гриша: «Дұрыс жаздық па?», - дейді. Шынымен де, егер бізді өлтіріп кетсе, ешкім біз жайлы білмей қалады ғой. Мен: «Жоқ, өлуге уақыт жоқ. Қандай жағдай болса да, біз туды жеткізуіміз керек», - дедім.
1945 жылғы 30 сәуір, сағат 18:30. Дәл осы кезде Рақымжан Қошқарбаев Рейхстагқа Жеңіс туын тікті. Бұл ерлік сұрапыл соғысқа қойылған нүкте еді. Дегенмен ұзақ жылдар бойы Жеңіс туын Михаил Егоров пен Мелитон Кантария тіккен деп есептелді. Кейін әскери мұрағаттарда Қошқарбаев пен Булатовтың Рейхстагқа олардан сегіз сағат бұрын жеткені анықталды.
Алайда бұл тарихи әділдік батырлар қайтыс болғаннан кейін ғана ресми мойындалды.
Қалам Темірова, Рақымжан Қошқарбаевтың немере келіні:
- Үйге келгенде соғыс туралы айтпайды ғой. Соғыс туралы ұнатпайтын. Әлгі ту тіккенде аяғына оқ тиіп, бара жатқанда қабағына оқ тиген, қабағын жыртып кеткен. Адамның ажалы жоғын содан білеміз. Немістердің де, біздің де оқ жаңбырдай жауып тұр дейді. Ойлы жерден, құдықтан өте бергенде, Рейхстагқа жете бергенде аяғына оқ тиіпті. Етіне. Жанындағы Булатов: «Сүйегіңе тиген жоқ. Пойдет»,- деп айтыпты. Әлия деген жалғыз қыздары бар. Одан кейін бала болған жоқ. Әлия кіріп келгенде әкесіне ұқсайды. Артық сөйлемейді.
Бір жыл бұрын Астанадағы мектептердің біріне Рақымжан Қошқарбаевтың есімі берілді. Оқушылар мен мұғалімдер бұл құрметті зор мақтанышпен қабылдаған. Мектеп қабырғасына мемориалдық тақта орнатылған. Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында жас буынмен кездесу үшін батырдың туған-туыстары да шақырылды.
Інжу Есен, 6-сынып оқушысы:
- Қызыл туға қарайды жылнамашы
Болашақта тарихты жазарында.
Тілегін бір өзіңе қосқан халық
Шығарды есіміңді аспанға анық.
Тарихтың кітабында қалды атың,
Ту ұстаған Рақымжан Қошқарбаев!
Берлин алынбай тұрып-ақ Рақымжан Қошқарбаев бірнеше ауыр шайқаста ерлігімен көзге түсті. Ол Шығыс Пруссия мен Варшаваны азат етуге қатысқан. Бір әттеген-айы, «Халық қаһарманы» атағы қайтыс болғаннан кейін 1999 жылы ғана берілді. Ал ІІІ дәрежелі «Айбын» ордені енді батырдың есімімен аталады.
Бүгінде Тайтөбе ауылында және Астанада батырға арналған ескерткіштер орнатылған. Қазақстанның бірқатар қаласындағы орталық көшелер Қошқарбаевтың есімімен аталады. Халық батырын ұмытпай, ұрпақтары ерлігін жадында сақтап өтеді.
Диана Қадыр, Айбын Құсанбеков