Елде суды үнемдеуге басымдық беріледі

  • 134
  • 12.05.2025, 18:36

Елде су қорын пайдалануда ысырапшылдық көп. Мәселен, тұрғындарымыз тіршілік көзін ағылшындарға қарағанда 10 есе, ресейліктермен салыстырғанда 3 есе көп тұтынады. Мұндай дерек Мәжілісте өткен Үкімет сағатында айтылды. Енді мұндай олқылық болмас үшін, мектептен бастап үгіт-насихат жұмысын арттыру көзделіп отыр. Бұдан өзге салада маман тапшылығы сезіледі.

Су шаруашылығы саласында білікті маман тапшылығы саладағы күрделі мәселеге айналған. Істің жайын білетін жанның жетіспейтіні бірқатар өңірде анық байқалады. Белгілі болғандай, бүгінде үш мыңға жуық инженер-гидротехник, ирригатор, су ресурстарын басқаратын маман қажет. Бірақ жыл сайын кәсіби білім алып шығатын түлектердің саны екі жүзден аспайды. Оның өзінде, сала бойынша ұсынылған жұмыста тұрақтайтыны белгісіз.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Бүгінгі таңда су шаруашылығындағы айлық-жалақы басқа коммуналдық айлық-жалақыдан едәуір төмен. Соған байланысты соңғы он жылда аталған саладан 30% мамандардың кетіп қалуына және бүгінгі таңда жастардың келуіне үлкен кедергі болып отыр. Осыған байланысты жалпы саладағы кадр тапшылығын шешуге байланысты қандай бағдарлама қабылдайсыз?

Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:

-Бірінші мамар 2024 жылдан бастап біз жалпы сол «Қазсушар» мекемесінде істейтін 10 мыңнан астам қызметкердің жалақысын 25% көтердік. Қосымша 50 пайыз айлығын көтеру. Біз жоғары оқу орындарымен меморандумға қол қойдық. Міндетті түрде студенттерді тәжірибелік практикадан біздің Қазсушардың филиалынан өткізу. Қазсушар қаражат бөлді, 500 адамды қайта даярлау курстарынан өткізді.
 
Салада маман тапшы екенін министр де мойындайды. Оның айтуынша, биыл тағы мың адамды қайта даярлықтан өткізу көзделіп отыр. Сондай-ақ Қытай, АҚШ, Израил, ЕуроОдақ және көрші елдермен білікті кадрлар дайындау жөнінде келісім бар. Ал елімізге жыл сайын қажетті су қорын жинап пайдалану үшін ирригациялық каналдарды жаңғыртумен қатар, гидротехникалық нысандарда қажетті құрылыс жұмыстары қолға алынған. Сондай-ақ Арал теңізін қолдануға қатысты мәселе де өзекті. 

Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Арал бойынша жақын аралықта шешім қабылдайды деп халық сізден жауап күтіп отыр. Сол өңірде 200 мың халық тұрады. Аралдың маңайында 52 мың адам тұрады. Сол Аралда балық аулап, балығын жеп жатыр. Ол жердегі адамдардың болашағы қандай болады? 

Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі

-Бүгінгі күні Сырдария өзені бойынша судың жағдайына байланысты соның бәрін талдадық. Міндетті түрде Аманөткел гидротобары соғылады, себебі қасындағы көлшік жүйелерге су жіберу үшін ол гидроөткел керек. Екінші, коллекторлық суларды үлкен Аралға жіберу үшін «Үлкен Қызылорда» каналы деп аталады. Ол жұмыстарды біз жүргіземіз. Үшінші, Көкарал дамбасын тағы екі метрге көтереміз. Осы жұмыстар нәтижесінде бізге қосымша тағы 7 млрд текше метр су жинауға мүмкіншілік береді.
 
Бұдан былай, суды үнемдеуге баса көңіл бөлінбек. Бұл жұмыс, ауыл шаруашылығында, өнеркәсіпте, тіпті бұқара арасында кеңінен қолға алынбақ. Мамандар: «Суды ысырап қылмауды балабақшадан бастап үйрету керек», дейді. Ал тың технологияны енгізген диқандарға субсидия беріледі.

Берікбол Мәндібаев, Су ресурстары және ирригация министрлігінің департамент директоры:

- Су үнемдеу технологияларын субсидиялау мәселесін 50 пайыздан 80 пайызға өсіру. Сонымен қатар мына суды пайдалануға байланысты. Ендігі кезде шаруалар су үнемдеу технологияларын қолданатын болса, олардың ағын суға қатысты алатын субсидияларының көлемі де өседі. Егер де олар қолданбайтын болса, керісінше сол субсидияның көлемі азаятын болады.  

Биыл бұл салада 138 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде 9 облыста сумен жабдықтау нысандарын салу және қайта жаңарту бағытында жұмыс жүреді. Нәтижесінде бір миллионнан астам тұрғыны бар 468 елді мекен таза ауызсумен қамтылады.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Аян Сәрсенбаев