МӘМС-ті қадағалау заңмен бекітілді

  • 41
  • 21.05.2025, 18:37

Бүгін мәжілісмендер бірқатар халықаралық келісімді ратификациялады. Оның ішінде Қазақстан мен Түрікменстанның өзара инвестицияларды қорғау туралы құжат бар. Сондай-ақ Қазақстан Қырғызстанмен экономика, транзит, ауылшаруашылығы салаларындағы қарым-қатынасты кеңейтетін болды.

Депутаттар қараған тағы бір маңызды құжат - МӘМС жүйесін жетілдіру. Заңда қордың қаржылық ахуалын бақылау мен азаматтардың ем қабылдауын жеңілдетуге басымдық берілген.

Соңғы 2 жыл көлемінде мәжілісмендер МӘМС жүйесін талай рет сынға алды. Алғашында жауаптылар кемшілікті түзей ме деген үміт болған. Бірақ өштеңе өзгермеді. Сондықтан оны жетілдіру туралы заң жобасы жасалды. Депутаттар сол құжатты бүгін екінші оқылымда қарады. Басты өзгерістің бірі медициналық ұйымдар МӘМС-тен алған ақшаның қайда жұмсалғанын жариялауға міндеттелді. Бұл бастама қаржының тиімді әрі әділ жұмсалуын бақылауға, халықтың сенімін арттыруға бағытталған. Бұдан былай жұмыссыз қалған немесе дағдарысқа ұшыраған азаматтар да тегін медициналық қызметке қол жеткізе алады. Жалпы құжатты әзірлеу кезінде жұмыс тобының 19 отырысы және Комитеттің үш кеңейтілген отырысы өткізіліпті. Нәтижесінде 57 түзету енгізілген.  

Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бұл революциялық өзгерістер деуге болады. Тіпті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған материал жоспардан тыс тексеруге негіз бола алады. Қордың өзін қаржылық есеп беруге міндеттеудеміз. Жылдар бойы бойы қор өзі ешбір жолмен тексерілмеген.  Осы кемшілктерді түзеттік. Бұл заң жобасы медициналық мафияға, медицина саласындағы жемқорлық пен алаяқтыққа соққы болып табылады.

Медицина тақырыбы депутаттық сауалдар аясында да көтерілді. Нұртай Сабильянов ауылға барған дәрігерлердің мемлекеттік төлемақыны ала алмай жүргеніне алаңдаушылық білдірді. Айтып отырғаны мынау. Елді мекендегі кадр тапшылығын жою үшін жолдамамен барған медициналық қызметкерлерге 8 жарым миллион теңге көлемінде біржолғы көмек берілуі тиіс.

Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- 2024 жылы елдің 17 облысының 6-ында бұл төлемдер төленбеген.  Абай облысында осы уақытқа дейін бұл аса тапшы медициналық мамандықтар айқындалмаған. Осы себептен облыс бойынша ауылдық жерге жұмыс істеуге барған дәрігерлерге 8,5 млн теңге қаражат берілмеген. Мысалы Абай облысы Аягөз ауданының Өркен ауылына жұмыс істеуге барған «жалпы тәжірибелік дәрігер» маманы Айжан Алпысбайқызы  біржолғы ақшалай төлемге қол жеткізе алмаған. 

Сақтандыру құнын қайта қарау қажет 

Елнұр Бейсенбаев болса көлік сақтандыру қызметінің қымбаттап кеткендігін сынады. Мәжіліс депутаты бәріне кінәлі қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қабылдаған қаулы деп санайды.  Нақтырақ айтсақ, сонда қабылданған бірқатар норманың кесірінен жүргізушілердің қалтасы қағылуда.

Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Құжат елімізде тіркелген 6 млн-ға жуық көлік иелеріне тікелей қатысты болса да, олардың пікірі сұралмастан, сала өкілдерінің қатысуынсыз бір жақты қабылданған. Мәселен 2023 жылмен салыстырғанда алғашқы сақтандыру тарифтері екі есе өсіп, шамамен 78 мың теңгені құрайды. Ал Астанада бұл баға үш есе өсіп, 112 000 теңгеге жетті.

Сақтандыру жүйесіндегі тағы бір түсініксіз жайт - теңсіздік. Нақтырақ айтсақ, Қазақстан азаматы алғаш рет сақтандыру жасаса 80 000 теңге төлейді. Дәл осындай санаттағы шетел азаматы үшін оның мөлшері - 40 мың теңге. Депутаттар сондай-ақ алдағы уақытта скутер мен мопед жүргізушілері үшін де сақтандыру қымбаттайтындығын негізсіз деп санайды. Қазір ол 7 мың теңге шамасында. Егер норманы өзгертпесе, ол 50 мың теңгеге дейін көтерілуі мүмкін. 

 Ердәулет Ыбырайұлы, Айдос Меделбеков