Қызылорда облысындағы Қамбаш көліне биыл қыс айларында мол су келді. Бұған дейін 500 метрге дейін шегінген көл жағалауға дейін толып отыр. Тұрғындар табиғи өзгеріске қуанып, су айдынының қайта жанданғанын қалайды. Сарапшылар көл деңгейін тұрақтандыру үшін су реттеу нысандарын салу қажет екенін айтады. Бұл шаралар «САРАТС» жобасының екінші кезеңі аясында жүзеге асырылмақ.
Қамбаш көліне биыл қыс айларында мол су келіп, жағалауға дейін жетті. Бұл — соңғы төрт жылда алғаш рет тіркеліп отырған жағдай. Бұған дейін көл суы 500 метрге дейін шегініп кеткен еді. Қазір көл маңындағы тіршілік қайта жанданып келеді.
Алтынбек Балмырзаев, Қамыстыбас ауылының тұрғыны:
- Көлге бұрын-соңды келмеген су келді. Жағаға дейін келіп тұр. Су келгеннен кейін бәрі жаңарып жатыр ғой. Су да жаңарып жатыр, жаға да шашылмайды. Ортада арақашықтық жоқ.
Көлдегі өзгеріс халықаралық сарапшылардың да назарын аударып отыр. Германия экологы Барбара Монделик қазақстандық мамандармен бірге Арал өңіріндегі экологиялық ахуалды зерттеуді қолға алған.
Барбара Монделик, эколог:
- Қамбаш көлін сақтау үшін су деңгейін тұрақтандыру маңызды. Бөгет пен су жолына қатысты мәселелерді шешу керек. Көлдің ластануына қарсы шараларды да қолға алып, қоқыс мәселесін де жергілікті деңгейде шешу қажет деп ойлаймын.
Сала мамандары қыс мезгілінде Қамыстыбас-Ақшатау көлдер жүйесіне Сырдария арқылы көп мөлшерде су ағып келгенімен, қазіргі таңда өзен деңгейінің қайта төмендегенін айтады. Дегенмен тиісті шаралар қолға алынған.
Зауалхан Ермаханов, Балық шаруашылығы саласының ардагері:
- Жақын уақытта каналдардың шлюздерінің бәрі жабылады да су тұрақтанады. Егер Аманөткелден тұрақты платина салсақ, Қамбаш көлдер жүйесіне қажетті суды аламыз да қалған суды үлкен теңізге жіберіп отырамыз. Сол кезде теңізге көп мөлшерде су кетеді.
Мамандар атап өткен гидронысандар «САРАТС» жобасының екінші кезеңі аясында салынады деп жоспарланып отыр.
Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев